Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кәусарымыз еңбектеді: Төреғали Төреәлінің жары көпшіліктен сүйінші сұрады

Төреғали Төреәлінің қызы
Фото: Instagram.com/tolkynturarbekkyzy

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы көпшіліктен сүйінші сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, Кәусар бес жасына дейін Қытайда ем алып, бірнеше күрделі отадан өткен. Осы жылдар ішінде отбасы қызының денсаулығын жақсарту үшін ем-домын үзбей жалғастырып келген.

Толқын Тұрарбекқызы Кәусардан кейін дүниеге келген әр баласының тұсында тұңғыш қызының да қатарынан қалмай, жүріп кетуін тілегенін айтады. Ал кенже қызы Мариям өмірге келгеннен кейін бұл ой оны тіпті қатты мазалай бастаған.

“Өзімнің денсаулығымды аздап қалыпқа келтірген соң, кейінгі екі айымды Кәусардың жаттығуына арнадым. Күн сайынғы жаттығуларын видеоға түсіріп жүрдім. Алғашында екі сағаттық жаттығуға әрең шыдайтынбыз. Қасында бірге жүріп, күлдіріп, “Сен мықтысың” деп жігерлендіріп, кейде екеуміз бірге жылап алатынбыз. Бірақ тоқтамадық”, – деді ол.

Әншінің жары бұл сәтті 11 жылға созылған еңбектің жемісі деп бағалады.

“Жақында Кәусарым 11 жасқа толғанда: “Сүйінші сұрайықшы, Төрештің Кәусар қызы жүріпті” деп жазған едім. Сол сөзге қаншама оқырман ақ тілегін жазып, дұғасын арнады. Иә, Кәусарым өзі еңбектеп жүр. Атасының маған бір жылқы сүйіншіге берген жаңалығы осы еді”, – деп бөлісті Толқын Тұрарбекқызы.

Ол ерекше баланың өмірі күнделікті күрес пен үлкен еңбектен тұратынын да жасырмады.

“Сіздер көретін әдемі кадрлардың сыртында қаншама ауыр күн, қаншама жас пен еңбек тұр. Бірақ сол күндердің бәріне қарап, Аллаға сансыз шүкір деп отырмын”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 17:45