Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс басталатынын айтты

Тоқаев
Фото: Ақорда

Бүгін III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" жалпыұлттық бағдарламасына тоқталды. Мемлекет басшысы бұл бастаманың ел тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымда жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жалпы, осы күнге дейін еліміз көптеген табысқа қол жеткізді. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әрдайым биік мақсаттарға ұмтыламыз. Мен биылғы Жолдауымда "Халықтық құрылыс" жалпыұлттық бағдарламасын жарияладым.

Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынады.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ", – деді президент.

Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның ел экономикасына тигізетін әсеріне де тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті.

"Бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін бермек. Қысқаша айтқанда, бұл – "барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни, кең ауқымды құрылыс".

Себебі "Халықтық құрылыс" кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады. Жұмыс орындары ашылады.

Қысқасы, "Құрылыс және тағы да құрылыс" қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады.

Бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар, атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады", – деді мемлекет басшысы.

Президент елдің кейінгі жеті жылдағы даму көрсеткіштерін де келтірді. Оның мәліметінше, осы кезеңде Қазақстанда 625 орта және ірі өндіріс орны ашылып, 3,6 миллион адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ 118 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, 36 мың шақырым автокөлік жолы мен 5 мың шақырым теміржол салынып, жөнделген.

Тоқаев әлемдік нарықта Қазақстанның қандай артықшылықтары бар екенін де айтты.

"Қазақстан табиғи ресурстар мен сирек кездесетін металдар, яғни уран, мұнай, көмір, титан, алтын, хром, мыс, вольфрам, кобальт, ванадий және тағы басқа аса маңызды минералдар қоры бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы елдердің бірі саналады.

Өздеріңіз білесіздер, аталған құнды ресурстарға әлемдік сұраныс өте жоғары".

Президент сөзінің соңында елде қолға алынатын өзгерістерге жоғары оқу орындары мен ғылыми қауымдастықтың дайындығы мәселесін көтерді.

"Жалпы, ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу – ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер.

Бұл жұмыстың бәрін сапалы орындау үшін, ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті, жаңа мамандық иелері қажет болады.

Демек "Халықтық құрылыс" жоғары білім жүйесіне де зор жауапкершілік жүктейді.

Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Сондықтан бүгінгі жиынның өте өзекті екені анық", – деді Тоқаев.

Осылайша, президент жоспарланған жобаларды жүзеге асыруда маман даярлау мәселесіне ерекше назар аударды.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында келесі жылды "Жалпыұлттық құрылыс" жылы деп жариялаған еді. Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірінде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, оңалту орталықтары мен спорт кешендерін салу қажеттігін айтқан. Оның сөзінше, бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттырып, келешек ұрпаққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 13:30