Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қалыңмал төлеген адам мәһр бермеуіне бола ма: ҚМДБ даулы сұраққа жауап берді

мәһр
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақ дәстүрінде күйеу жігіт қалыңдықтың отбасына қалыңмал береді. Ал исламда әйелге некеге байланысты берілетін жеке ақы – мәһр бар. Екі ұғымның ара-жігі кейде ажыратылмай жатады. Сонда жігіт жағы қалыңмал төлесе, мәһір беруден босатыла ма? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Олар қандай жағдайда қалыңмалды мәһр ретінде есептеуге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мүфтият дерегінше, қалыңмал мен мәһр – қалыптасу тарихы мен құқықтық сипаты жағынан екі бөлек ұғым. Қазақ дәстүрінде қалыңмал жігіт жағының қыздың отбасына үйлену қарсаңында беретін мал-мүлкі саналған. Оның мөлшері отбасының жағдайына, өңірлік ерекшеліктер мен дәуірге қарай өзгеріп отырған.

Дәстүр бойынша қалыңмал алған қыз жағы оның есебінен жасау әзірлеген. Жасауға төсек-орын, кілем, ыдыс-аяқ, киім-кешек, әшекей бұйымдар және жаңа шаңыраққа қажет басқа да дүниелер кірген. Демек қалыңмалдың негізгі мақсаттарының бірі қызды жаңа отбасылық өмірге қажет заттармен қамтамасыз ету болған.

Ал ислам шариғатында мәһр – әйелдің жеке меншігі. Оны ата-анасы да, күйеуі де әйелдің рұқсатынсыз пайдалана алмайды. Мәһр ақша немесе мүлік түрінде берілуі мүмкін. Оның нақты мөлшері мен түрін некелесетін екі тарап өзара келіседі.

Қалыңмал мәһрдің орнына жүре ме?

Мүфтият бұл сұраққа біржақты жауап бермейді. Басқарма мәліметінше, қалыңмал екі тараптың алдын ала келісімімен мәһр ретінде белгіленсе, оны мәһр есебінде қарастыруға болады.

Мысалы, құда түсу кезінде жігіт жағы қызға 1 миллион теңге беріп, екі тарап бұл соманы мәһр деп келіссе, ол қалыңдықтың жеке ақысы саналады. Мұндай жағдайда қыздың ата-анасы ақшаны өз бетінше жұмсай алмайды. Оны жасауға пайдалануға тек қыздың келісімі қажет.

Егер қалыңдық бұған келіспесе, мәһр толықтай өзіне берілуі тиіс. Күйеуі де әйелінің рұқсатынсыз оның мәһірін пайдалана немесе сата алмайды.

Мәһр қашан берілуі керек?

Ислам құқықтануында мәһр төлеу уақытына қарай екі түрге бөлінеді. Біріншісі – неке қию кезінде немесе оған дейін берілетін мәһр. Екіншісі – кейін төлеуге келісілген мәһр.

Демек, мәһрді неке қию рәсіміне дейін де беруге болады. Осы тұрғыдан алғанда, құда түсу кезінде берілетін қалыңмалдың алдын ала төленуі мәһрдің ертерек берілуіне ұқсайды. Алайда оның мәһр болып есептелуі үшін екі тараптың нақты келісімі болуы керек.

Басқарма мәліметінше, Ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес, күйеу жігіттің қалыңмал ретінде берген дүниесін қыздың келісімімен мәһр деп есептеуге және оның жасауына жұмсауға болады. Ал қыз бұған келіспесе, мәһр толықтай өзіне тиесілі болады.

Сонымен қатар қалыңмал беру дәстүрі жоқ өңірлерде неке қию кезінде мәһр мәселесі міндетті түрде ескерілуі керек.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы неке шарттарының талаптары мен шарттары туралы айтқан еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 12:39