Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысының тұрғыны үйінен 400-ге жуық жәдігері бар мұражай ашқан

мұражай
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысы Құрманғазы ауданында тұратын зейнеткер үйінен шағын мұражай ашқан. Ғалымжан Мұқашевтың бірнеше жылдан бері жинаған көне бұйымдарының саны бүгінде 400-ге жуықтаған. Олардың арасында өткен ғасырдың 50–70-жылдарына тиесілі тұрмыстық заттар, алғашқы фотоаппараттар, ескі радио мен теледидарлар, ұлттық мұраға жататын жәдігерлер бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Коллекционердің көне дүниелерге қызығушылығы анасына тиесілі бұйымнан басталған. Кейін ол отбасы мен туған-туыстарынан қалған заттарды жинап, уақыт өте келе жеке мұражайын жасаған.

Мұнда мал сүйегінен жасалған көне ұршық, ғасырдан астам тарихы бар тас диірмен, 1956 жылы шығарылған шамдар мен Қазақстанның алғашқы теңге үлгілері сақталған. Сонымен қатар әкесі мен анасы тұтынған тұрмыстық бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылған.

“Тас диірмен бар, оның тарихы 100 жылдан асады. 1956 жылы шыққан шамдар және басқа да көне жәдігерлер сақталған. Әкемнің тұтынған заттары да осында. Әкем – Ұлы Отан соғысының ардагері. Анамның да қолданған бұйымдары бар. Мұражайды ата-бабадан қалған мұра кейінгі ұрпаққа жетсін деген ниетпен аштым. Немерелерім де бұл дүниелерге қызығушылық танытады”, – деді Ғалымжан Мұқашев. 

Мұражай қорында ескі теледидарлар, радиоқабылдағыштар, сағаттар мен музыкалық аспаптардың бірнеше түрі бар. Бұдан бөлек, алғашқы фотоаппараттар мен түрлі үлгідегі шамдарды да кездестіруге болады.

Ғалымжан Мұқашевтің бастамасына өзге тұрғындар да қолдау білдіріп келеді. Мәселен, Атырау қаласының тұрғыны Эдуард Ильясов әкесінен қалған ескі радио мен күйтабақтарды мұражай қорына тапсырған.

“Үлесімді қосып, әкемнен қалған заттарды тапсырдым. Олардың қатарында ескі радио мен күйтабақтар бар. Мұндай бастаманың өскелең ұрпаққа берері мол деп ойлаймын. Еліміздің әр өңірінен, соның ішінде Ақтөбе, Астана, Алматыдан қонақтар келгенде көрсететін құнды орынға айналғаны қуантады”, – деді Эдуард Ильясов. 

Қазір коллекционердің үйіндегі мұражайды тамашалауға келетіндер қатары артып келеді. Ғалымжан Мұқашев үшін әрбір жәдігердің орны бөлек. Өйткені олардың әрқайсысы белгілі бір кезеңнің тарихын, отбасының естелігін сақтап қалған. Ол жинаған дүниелерін көзінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыруды көздейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық қажылар Сауд Арабиясындағы Пайғамбар мұражайына кіруге жеңілдіктер ала алатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 08:39