Халықаралық валюта қоры Қазақстанға коммуналдық тарифтерді кезең-кезеңімен көтеруді ұсынды


Халықаралық валюта қоры Қазақстанға электр энергиясы, жылу, су және басқа да коммуналдық қызметтердің тарифтерін біртіндеп көтеруді ұсынды. Қордың пікірінше, тарифтер қызмет көрсетуші компаниялардың нақты шығындарын жабатындай деңгейге жетуі керек. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Мұндай ұсыныс Халықаралық валюта қоры миссиясының Қазақстандағы 2026 жылғы консультацияларының қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде айтылған. Құжат 17 қарашада жарияланды.
Қор өкілдерінің пікірінше, коммуналдық тарифтерді белгілеу кезінде ашық әрі түсінікті жүйе қолданылуы қажет. Ол қызмет көрсетуші кәсіпорындардың нақты шығындарын ескеріп, ұзақ мерзімді жоспарлауға негізделуі тиіс.
Бұл тәсіл коммуналдық компанияларға инфрақұрылымды жаңартуға қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұтынушылар үшін бағаның күрт әрі күтпеген жерден өсуіне жол бермеуге бағытталған.

Алайда Халықаралық валюта қоры тарифтерді өткен жылғы инфляция деңгейіне автоматты түрде индекстеуді қолдамайды. Қордың пайымынша, баға нақты шығындарға сүйене отырып, алдын ала болжанатын тәртіппен өзгеруі керек.
Коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияға әсер етуі мүмкін
Халықаралық валюта қоры коммуналдық қызметтер бағасының қайта көтерілуі инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін екенін де ескертті.
Қордың бағалауынша, 2027 жылы Қазақстандағы баға өсіміне мемлекеттік шығындардың ұлғаюы, Ұлттық қор қаражатын пайдалану көлемінің артуы және мемлекеттік кәсіпорындардың квазимемлекеттік қызметінің кеңеюі әсер етуі мүмкін.
Сондықтан қор бюджет шығындарын қатаң бақылауды және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді шектеуді ұсынады. Сондай-ақ мұнай бағасының құбылуына байланысты экспорттан түсетін қосымша кірісті жинақтап, мұнайға қатысы жоқ бюджет түсімдерін арттыру қажеттігін атап өткен.
Мемлекеттік компанияларды жекешелендіруді жеделдету ұсынылды
Халықаралық валюта қоры Қазақстанға мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру мен қайта құрылымдауды жеделдетуді де ұсынды.
Бұдан бөлек, қор ірі инфрақұрылымдық жобалардың құнын мұқият есептеп, жобаларды іріктеу мен мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру қажет деп санайды.
Мемлекеттік кәсіпорындардың қарыз алу, несие беру, кепілдік беру және инвестициялық жоспарларын республикалық бюджетпен үйлестіру де ұсыныстар қатарында.
Қордың пікірінше, мемлекет экономикаға араласуын азайтып, жеке сектордың рөлін күшейтуі, кәсіпкерлік ортаны жақсартып, меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етуі керек.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жарық, су мен жылу тарифтері жыл соңында өсуі мүмкін екені айтылған.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді