Қазақстандықтар енді коммуналдық төлем мен билет сатып алуды жасанды интеллектке тапсыра алады
Қазақстандықтар жақын болашақта күнделікті қаржылық операцияларын жасанды интеллект арқылы жүзеге асыра алады. Мәселен, цифрлық көмекші коммуналдық қызмет ақысын төлеп, азық-түлік сатып алып, тіпті ұшақ билетін рәсімдей алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллектке белгілі бір сомамен шектелген қаржылық операцияларды орындауды тапсыруға болады. Мысалы, ай сайынғы коммуналдық төлемдерді өтеу, несие жарнасын төлеу немесе белгіленген баға шегінде билет сатып алу сияқты жұмыстарды цифрлық көмекші атқара алады.
Мұндай операциялардың құны шамамен 50-60 мың теңге көлемінде болуы мүмкін. Бұл тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Дегенмен Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов жасанды интеллектке нақты қандай міндет жүктелетінін алдын ала анықтап алу маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, цифрлық көмекшіге қойылған тапсырма екіұшты болмауы керек.
"Мәселен, "Жақсы қонақүй тауып бер" деген тапсырма "Өзіңе ұнаған қонақүйдің ақысын төле" дегенді білдірмейді. Сол үшін шығынның шекті сомасы мен тапсырманы тоқтату тетігі болуы қажет", – деді Бинұр Жәленов.
Сондай-ақ Ұлттық банк өкілі жасанды интеллектке жеке төлем жүйесін ашудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Цифрлық көмекші қолданыстағы банк шоттары мен карталарын пайдалана алады.
Бинұр Жәленовтің пікірінше, мұндай технологияны алдымен шағын компаниялар белсенді қолдануы мүмкін. Олар жасанды интеллект арқылы алдын ала келісілген төлемдерді жүргізіп, тауар сатып алып, ақылы сервистердің жазылымын ұзарта алады. Осылайша, кәсіпкерлер қызметкерлерінің уақытын үнемдеуге мүмкіндік алады.
Еске салайық, бұған дейін Билл Гейтс жасанды интеллект адамзатқа үлкен қауіп төндіріп, миллиардтаған адамның өліміне әкелуі мүмкін екенін ескертті. Ол АҚШ билігін жасанды интеллект технологияларын қатаң заңнамалық тұрғыдан реттеуге және міндетті қауіпсіздік шараларын енгізуге шақырды. Гейтстің пікірінше, технологияларды әзірлеушілердің өзін өзі бақылауы жеткіліксіз.