Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

SCAT ұшағы кешігіп, ерлі-зайыпты Балиге жете алмай қалған: Сот компанияны 1,45 млн теңге төлеуге міндеттеді

скат
Фото: gov.kz

Атыраулық ерлі-зайыпты Наурыз мерекесінде Малайзия арқылы Балиге барып демалуды жоспарлаған. Алайда SCAT ұшағы бес сағатқа кешігіп, олар Алматыдан Куала-Лумпурға ұшатын рейске үлгермей қалған. Козачков Telegram арнасы  мәлімдегендей, сот компанияны жолаушыларға 1,45 миллион теңге төлеуге міндеттепті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерлі-зайыпты үш күндік сапарға алдын ала дайындалып, Атыраудан Алматыға, одан әрі Куала-Лумпур арқылы Бали аралындағы Денпасар қаласына баратын билеттер сатып алған. Қонақүйді де алдын ала брондап, ақысын төлеген. Кейін SCAT ұшағы Атырауға кешігіп келгендіктен, Алматыға ұшу бес сағатқа шегерілген. Ерлі-зайыпты Алматыға жеткенімен, Куала-Лумпурға ұшатын рейстен қалып қойған. Соның салдарынан Малайзия мен Балиге алған билеттері жарамсыз болып, олар Атырауға көлікпен қайтуға мәжбүр болған.

Бұдан соң жолаушылар шығынды өтеуді сұрап, SCAT-қа жүгінген. Әуе компаниясы бес сағаттық кешігу үшін 11 686 теңге төлегенімен, демалысқа байланысты шығындарын өтеуден бас тартқан. Осыдан кейін ерлі-зайыпты сотқа шағымдануға бел буған.

Әуе компаниясының өкілі жолаушыларды Алматыға жеткізгенін, ал кейінгі рейстер басқа тасымалдаушыларға тиесілі болғандықтан, олардан туған шығынға SCAT жауап бермейтінін айтқан. Алайда сот ұшақтың ұшу уақытын жолаушы мен тасымалдаушы арасындағы шарттың маңызды бөлігі деп танып, кешігуден келген шығынды әуе компаниясы өтеуі керек деген шешім шығарған.

Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. SCAT жолаушыларға билеттер мен қонақүй құны үшін 950 мың теңге, моральдық зиян үшін 250 мың теңге және өкіл қызметіне кеткен шығын ретінде тағы 250 мың теңге төлеуге міндеттелді. Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі FlyArystan ережелерінен жолаушылар құқығын шектейтін талаптарды анықтаған еді. Тексеру кезінде билет ақшасын қайтару мен шағым түсіру мүмкіндігін шектеу, кейбір қосымша төлемдерді негізсіз алу деректері тіркелген. Министрлік компанияны ішкі ережелерін заңға сәйкестендіруге міндеттеген, алайда FlyArystan бұл шешімге сотта шағымданған. Сот компанияның талабын қанағаттандырмай, министрлік нұсқамасын заңды деп таныған.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 16:01