Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ұшақта кондиционерсіз 45 минут отырғаны үшін FlyArystan компаниясынан 704 мың теңге өндіріп алды

Флай Арыстан

Фото: скриншот

Қазақстандық заңгер Абылай Байтенов жолаушыларды 45 минут бойы салқындатқышы істемеген ұшақта отырғызғаны үшін FlyArystan әуе компаниясын сотқа беріп, жеңіп шықты. Сот оның талабын ішінара қанағаттандырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

28 қазанда Алматының Түрксіб аудандық соты әуе компаниясынан Байтеновтің пайдасына жалпы 704 322 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Оның 200 мың теңгесі келтірілген моральдық зиянның өтемақысы, 500 мың теңгесі сотта өкіл жалдауға кеткен шығын, 2 183 теңгесі мемлекеттік баж, ал 2 139 теңгесі рейстің кешіккені үшін айыппұл ретінде белгіленген.

Заңгер сотта жеңіске жеткенін Threads желісіндегі парақшасында жазды.

"Сотта әуе компаниясы ешқандай заң бұзылмағанын, мұндай жағдайдың болып тұратынын алға тартты. Алайда бірінші сатыдағы сот біздің талабымызды орынды деп тапты. Компанияны моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге және сотқа жұмсаған шығындарымды өтеуге міндеттеді. Енді олардың сот шешіміне шағым түсіргенін күтемін", – деп жазды Абылай Байтенов.

 

Жолаушылар 36 градус ыстықта ұшақ ішінде 45 минут отырған

Еске салайық, оқиға 9 шілдеде Шымкенттен Алматыға ұшатын рейсте болған. Жолаушылар кешкі сағат 17:00 шамасында ұшаққа мінген. Алайда ұшақ бірден әуеге көтерілмей, адамдар салонда 45 минуттай отыруға мәжбүр болған. Байтеновтің айтуынша, осы уақыт бойы ұшақтың есіктері жабық тұрған, ал салқындатқыш жұмыс істемеген.

"Болжамым бойынша, экипаж жолаушыларды ұшақтан шығармай ұстап отырған кезде желдеткіштегі ақауды жөндеуге тырысқан. Егер барлық жолаушыны қайтадан әуежайға шығарса, әуежай қызметіне, автобусқа, күту залына және қайта тексеруден өткізуге қосымша шығын кететін еді", – деп жазған болатын заңгер.

Ақыры жолаушыларды ұшақтан түсіріп, әуежай ғимаратына қайта кіргізген.

 

"Соңында бізді әуежайға қайта шығарды. Сол жерде тағы бір сағат күттік. Оның үстіне жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлап, оған көмек көрсетуге тура келді", – деді Байтенов.

Сол күні Шымкентте ауа температурасы 36 градустан асқан

Заңгер сотқа жүгінер алдында оқиға болған күнгі ауа райы туралы ресми мәлімет те сұратқан.

"Қазгидрометтің" Шымкенттегі метеостанциясы ұсынған дерекке сүйенсек, 9 шілдеде сағат 17:00-де ауа температурасы 36,2 градусқа жеткен. Ал кешкі сағат 20:00-де де күннің ыстығы қайтпай, 36 градус көрсеткен екен. Байтенов бұған дейін сотта осы мәліметтерді және жолаушылар ұшақ ішінде отырған кезде түсірілген бейнежазбаларды дәлел ретінде ұсынатынын айтқан еді.

 

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 17:01