Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Даркнетте миллиондаған қазақстандықтың дерегі сатылып жатыр деген ақпарат тексеріліп жатыр

Мадиев
Фото: gov.kz

Миллиондаған қазақстандықтың жеке дерегі даркнетте сатылымға қойылды деген ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тексеріп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Жаслан Мәдиев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тексеруді Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен ҰҚК жүргізіп жатыр. Мәдиевтің айтуынша, даркнетте қазақстандықтардың ұрланған деректері сатылып жатыр деген хабарландырулар анда-санда шығады. Алайда олардың кейбірі тексерілгенде, сатылымға қойылған файлдардың мәлімделген ақпаратқа қатысы болмай шығады.

"Кейде мұндай файлдардың ішінде қажетсіз ақпарат, түрлі фотосуреттер, тіпті Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ материалдар да кездеседі", – деді министр.

Қазіргі тексеру кезінде мамандар сатылымға қойылған файлдардың мазмұнын зерттеп, тиісті мемлекеттік органда рәсімдік талаптардың бұзылған-бұзылмағанын анықтап жатыр. Егер заңбұзушылықтар табылса, жауапты қызметкерлер мен ұйымға әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін.

Мәдиев бұл тексеріс туралы азаматтар медициналық ұйымнан деректер тарауы мүмкін деген шағым түсіргеннен кейін айтты. Ол кезде төрт миллион қазақстандықтың жеке дерегі жария болды деген ақпарат тараған.

Министрдің сөзінше, тексеру кезінде төрт миллион азаматтың дерегі тарағаны расталмаған. Алайда ақпараттық қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталып, ұйымға айыппұл салынған.

ске салсақ, бұған дейін SOCRadar мамандары даркнеттен Қазақстан Жоғарғы Сотының дерекқорына тиесілі делінген 507 миллион жазбаны сатуға ұсынған хабарландыру тапқан. Белгісіз сатушы базада 16,6 миллион қазақстандықтың жеке дерегі барын айтып, оны 50 мың долларға бағалаған. Алайда дерекқордың шынымен Жоғарғы Сотқа тиесілі екені расталмаған. Сондай-ақ Daxus платформасына қатысты 2,96 миллион жазба мен Telegram-ның 26,5 миллион қолданушысына тиесілі дерек сатылымға қойылғаны туралы хабарланған.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 13:13