Қазақстан интернет жылдамдығы мен бағасы бойынша жетінші орынға шықты
Қазақстанда мобильді байланыстың орташа айлық тарифі шамамен 4 550 теңгені құрайды. Мұны Үкімет отырысында вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің сөзінше, 2026 жылғы қарашадағы рейтинг бойынша Қазақстан жылдам мобильді интернеті бар 55 елдің ішінде тариф арзандығы жағынан жетінші орынға шыққан.
"Елдегі мобильді байланыстың орташа тарифі айына шамамен 10 доллар. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен – 27 доллардан үш есе төмен", – деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен бірге министр байланыс операторларын желілерге инвестиция салып, интернет жылдамдығын арттыруға және 5G желісінің ауқымын кеңейтуге шақырды. Оның айтуынша, тарифтер халыққа қолжетімді болып, салаға инвестиция салу да тиімді болуы керек.

Еске салсақ, шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық желі тарту қиын болғандықтан, оларды спутниктік интернетке қосу жоспарланып отыр. 1 қазанда OneWeb пен Starlink операторларына лицензия беріліп, Beeline мен Starlink Direct to Cell технологиясын іске қосты. Қызмет Android құрылғыларында қолжетімді, ал iOS жүйесіне бейімделіп жатыр. 2027 жылы Қазақстан нарығына тағы екі оператор – Shanghai Spacecom Satellite Technology мен Amazon Leo шығуы мүмкін.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)