Қазақстанда енді ұйымнан қоңырау шалса, атауы экранда көрініп тұрады
Қазақстанда ұйымнан қоңырау түскенде, телефон экранында сол ұйымның атауы көрсетіледі. Одан бөллек, енді SIM-картаны тіркеген кезде абонент жеке басын биометриялық дерек арқылы растауы керек. Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қоңырауларды таңбалау абонентке қай ұйымнан хабарласып жатқанын білуге мүмкіндік береді. Мысалы, телефонға банк, дүкен немесе емхана қоңырау шалса, олардың атауы экранда көрінеді. SIM-картаны тіркеген кезде абонент биометриялық тексеруден өтуі керек. IMEI-код арқылы Қазақстанға заңсыз әкелінген және коды өзгертілген телефондарды анықтауға болады", – деді министр.
Қоңырауларды таңбалау азаматтарға ұйымның ресми нөмірінен хабарласып жатқанын тануға көмектеседі. Сонымен қатар байланыс операторлары Ұлттық банктің алаяқтыққа қарсы Антифрод-орталығымен бекітілген тәртіп бойынша жұмыс істейді. Бұдан бөлек, интернетке қосу және интернет арқылы халықаралық қоңырау шалу қызметін ұсынатын операторлар лицензия алуға тиіс.

Еске салсақ, Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G желісінен толық бас тартып, 4G мен 5G желілерін кеңейту жоспарланған. Қазір ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар, ал кейін бұл көрсеткішті 92 пайызға жеткізу көзделген. Республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды байланыспен қамту үшін 500-ден астам мұнара салу қажет. Бұған дейін байланыс тартылған 1 052 ауылдың 213-інде мәселе шешілмеген, ал биыл байланыс сапасы нашар тағы 289 аумақ анықталған.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)