Бағдат Мусин интернеттің инфрақұрылымдық қызмет ретіндегі мәртебесін заңнамада бекітуді ұсынды
Бір магистральдық кабельдің зақымдануы бірнеше өңірдегі байланысқа әсер етіп, мыңдаған абонентті интернетсіз қалдыруы мүмкін. Биыл бөгде ұйымдар байланыс желілерін 459 рет зақымдаған, ал үзілістердің жалпы ұзақтығы 80 күнге жеткен. Үкімет отырысында Бағдат Мусин байланыс желілерін бүлдіргені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Биылғы он айда бөгде ұйымдар байланыс желілерімізді 459 рет зақымдады. Соның салдарынан желілердің тоқтап тұрған уақыты 80 күнге жетті. Жетісу облысында жер қазу кезінде жеке компанияның экскаваторы магистральдық кабельді бүлдірді. Апат 15 мыңнан астам абонентке және мобильді операторлардың 50 базалық станциясына әсер етіп, Семей мен Павлодарда да интернет трафигі азайды", – деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, Жетісу облысындағы апаттан кейін байланысты қалпына келтіруге төрт сағаттан астам уақыт кеткен. Қазір байланыс желілерін бүлдіргені үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері – 519 мың теңге. Ал желі зақымданса, тұрғындар байланыссыз қалып, компания шығынға батады әрі инфрақұрылымын пайдаланатын өзге операторлар алдындағы жауапкершілікті де көтереді.
"Байланыс бүгінде электр қуаты, су мен жылу сияқты азаматтардың негізгі қажеттілігіне айналды. Сондықтан оның негізгі инфрақұрылымдық қызмет ретіндегі мәртебесін заңнамада бекітуді ұсынамыз. Байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Жаңа тұрғын үйлерде әр пәтерге оптикалық кабель тартуды, сондай-ақ 4G және 5G базалық станцияларына электр қуаты мен жерге тұйықтау жүйесі қосылған арнайы орын қарастыруды міндеттеу керек", – деді ол.
Мусиннің сөзінше, бұл ұсыныстар тұрғындарды интернетке жылдам қосып, саладағы бәсекені дамытуға мүмкіндік береді. Ол "Қазақтелеком" үшін инфрақұрылымды дамыту тек бизнес емес, әлеуметтік миссия екенін де атап өтті.
Еске салсақ, Бағдат Мусин "Қазақтелекомда" ауқымды оңтайландыру жүргізілетінін мәлімдеді. Алдағы екі-үш жылда сегіз мың кеңсе қызметкерінің бес мыңы қысқаруы мүмкін. Олардың жұмысын жасанды интеллект негізіндегі технологиялар атқарады. Ал кабель тартушылар, монтажшылар мен желілік инженерлерді қоса алғанда, сегіз мың техникалық маман қызметінде қалады.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)
