Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)
Қазақстанда түрлі ұлт пен дін өкілдері бір қоғамда өмір сүріп келеді. Олардың арасындағы татулық пен өзара құрметті сақтауда діни ұйымдардың да өзіндік рөлі бар. Stan.kz тілшісі Алматыдағы бірнеше діни бірлестіктің ғимаратын аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Біз христиан пресвитериан шіркеуінде, православ соборында, Рим-католик шіркеуінде, Вон-буддизм орталығында және мешітте болып, түрлі конфессия өкілдерімен жүздестік. Олар дінаралық келісім, сенім бостандығы және қоғамдағы бірліктің маңызы туралы айтып берді. Назарларыңызға фоторепортажымызды ұсынамыз.
"Надежда" шіркеуі
Алғашқы аялдамамыз – Алматыдағы "Надежда" христиан пресвитериан шіркеуі. "Надежда" христиан пресвитериан шіркеуінің жергілікті діни бірлестігі ғимаратының табалдырығын аттап, шіркеудің ішкі тыныс-тіршілігімен таныстық. Ғимарат ішіндегі ескерткіш тақтадағы мәліметке сәйкес, шіркеу 1991 жылы Оңтүстік Кореядан келген миссионерлердің бастамасымен құрылған.

Шіркеу директоры Қанат Анитовтың айтуынша, христиандық сенім адамдарды ұлтына немесе шыққан тегіне қарай бөлмейді. Керісінше, ортақ сенім арқылы түрлі ұлт өкілдерін жақындастырады. Оның сөзінше, шіркеудегі уағыздар бейбітшілікке, сүйіспеншілікке, кешірімге және өзара құрметке негізделген. Қауым мүшелері аптаның әр жексенбісінде құлшылық ету үшін жиналады.
Қазір шіркеуге тұрақты түрде шамамен 40 адам келеді. Ал Пасха, Рождество және Алғыс айту күні секілді мерекелерде жиналғандар саны 50-60 адамға дейін жетеді.

Қанат Анитов Қазақстандағы дінаралық келісім деңгейін де оң бағалайды. Оның пікірінше, елдегі зайырлы жүйе мен әр азаматтың өз сенімін еркін ұстануына мүмкіндік берілуі қоғамдағы тұрақтылыққа ықпал етеді.
"Біз әр жексенбі сайын шіркеуге еш қорықпай, еркін келіп, Құдайға құлшылық ете алатынымыз үшін алғыс айтамыз. Қазақстанда адам өзі қалаған дінді ұстанып, мешітке де, шіркеуге де еркін бара алады. Бұл үлкен мүмкіндік", – дейді ол.

Вознесенский соборы
Келесі барған нысанымыз – Алматының көрікті ғимараттарының бірі саналатын Вознесенский кафедралды соборы. Мұнда Қазақстан православ шіркеуінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, протоиерей Александр Суворовпен жүздестік.

Оның сөзінше, дін ұйымдарының басты мақсаты – олардың бойында бір-біріне деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру.
"Толеранттылық" деген сөзді дұрыс түсінуіміз қажет. Бұл жерде біз жай ғана төзімділік туралы емес, бір-бірімізге деген сүйіспеншілік пен құрмет туралы айтып отырмыз. Адамның қай ұлттан екені немесе қандай конфессияға жататыны маңызды болмауы керек. Діни ұйымдардың қоғамға қосатын үлкен үлесінің бірі – осы құндылықтарды қалыптастыру", – деді Александр Суворов.

Дін қызметкері Қазақстандағы конфессияаралық келісім деңгейін жоғары бағалады. Оның пікірінше, мемлекет қалыптастырған діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесі шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудырып отыр.

Алматы мен еліміздің өзге қалаларында түрлі дін өкілдері бас қосып, пікір алмасатын алаңдар жұмыс істейді дейді Александр Суворов.
"Қазақстан – мәдениеті мен сенімі әртүрлі адамдардан құралған күрделі қоғам. Ең маңыздысы – осы айырмашылықтардың адамдарды бөлмей, керісінше, біріктіретін факторға айналуы. Меніңше, мемлекет бұл бағытта жақсы нәтижеге қол жеткізді", – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Александр Суворов діни салада туындайтын мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің ұстанымы маңызды екенін атап өтті.
Рим-католик шіркеуі
Сапарымызды Рим-католик шіркеуінде жалғастырдық. "Қасиетті Үштік" Рим-католик шіркеуінің жергілікті діни бірлестігінің өкілі Юлиан Әкемен (Петр Манковски) кездесіп, католик қауымының өмірімен таныстық. Әңгіме барысында ол дін адамдарды бір-бірінен алшақтатпай, керісінше, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіруі керек екенін айтты.

Оның сөзінше, діни ұйымдардың басты міндеттерінің бірі – адамды өзге ұлт пен мәдениеттің өкілі ретінде емес, ең әуелі, жақын адам ретінде қабылдауға үйрету.
"Әр адам Құдайдың бейнесіне сай жаратылған деп сенеміз. Сондықтан оның қадір-қасиеті ұлтына, тіліне немесе діни сеніміне байланысты емес. Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз. Біздің дәстүрлеріміз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ осы елдегі бейбітшілік пен берекені сақтау – бәрімізге ортақ жауапкершілік", – дейді Юлиан Әке.

Юлиан Әке Қазақстандағы конфессияаралық келісім деңгейін жалпы оң бағалайды. Дегенмен бейбітшілік пен өзара түсіністікті бір рет қалыптасқан, өзгермейтін құбылыс деп қабылдауға болмайтынын айтады.

Ол діни сауаттың жеткіліксіздігін, өзге сенім туралы қате түсініктерді, интернеттегі тексерілмеген ақпарат пен араздық тудыратын пікірлерді негізгі сын-қатерлердің қатарына жатқызды. Әсіресе жастарға діни тақырыпта дұрыс ақпарат беріп, олардың сұрақтарына түсінікті жауап ұсыну маңызды.
"Біз жай ғана қатар өмір сүріп қоймай, бір-бірін танитын, қажет кезде көмекке келуге дайын жақсы көрші болуымыз керек. Нағыз келісімнің берік негізі – осы", – деп түйіндеді ол.
Вон-буддизм орталығы
Келесі кезекте Алматыдағы Вон-буддизм өкілдерінің ғимаратына бардық. Мұнда Ким Сэнсиниммен кездесіп, буддизм өкілдерінің қоғамдағы бірлік пен дінаралық келісімді нығайтуға қосып жүрген үлесі туралы әңгімелестік.

Оның айтуынша, Қазақстандағы діни ұйымдар ортақ адамгершілік құндылықтарды насихаттап, қоғамның бірлігін сақтауға үлес қосып келеді.
Ким ұстаздың айтуынша, ол 1992 жылы Кореядағы вон-буддизм орталығының арнайы тапсырмасымен Алматыға келген. Бастапқыда Африкаға баруды жоспарлағанымен, Қазақстанға жіберілген соң осында қалып, 30 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді.
Бүгінде вон-буддизм орталықтары әлемнің 26 елінде жұмыс істейді, ал негізгі діни әдебиеттер жеті тілге аударылған. Дегенмен орыс тіліндегі еңбектер әлі де аз. Ким ұстаз қызмет ететін ғибадатхананың құрылысы 1993 жылы басталып, 1994 жылы аяқталған. Мұнда адамдар кез келген уақытта келіп, кеңес алып, дұға ете алады.
Ким Сэнсинимнің сөзінше, Қазақстанда 17 конфессия өкілдері бар. Олардың бәрі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейді. Сонымен қатар діни көшбасшылардың басын қосатын кеңестер мен клубтар өзара таныстықты арттырып, бірлескен жұмысқа мүмкіндік береді.
"Дін адамдарды біріктіруге тиіс. Діни көшбасшылар клубтары арқылы түрлі конфессия өкілдері бір-бірін жақынырақ танып, ортақ мәселелерді талқылайды. Бірлескен сенбіліктер, марафондар мен спорттық жарыстар сияқты қалалық іс-шаралар да әртүрлі діни бірлестік өкілдерін жақындастырады", – дейді Ким Сэнсиним.
Ол конфессияаралық татулықты қалыптастыруда діни көшбасшылардың жеке үлгісі де маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, адамдар арасындағы қарым-қатынас бастапқыда төзімділікке негізделгенімен, уақыт өте келе шынайы құрмет пен достыққа ұласуы мүмкін.
Ким Сэнсиним Қазақстандағы конфессияаралық келісім тәжірибесіне шетелдіктердің де қызығушылық танытатынын айтты. Оның сөзінше, елімізге келген шетелдік қонақтарды этностық және діни әралуандықпен қатар, түрлі конфессия өкілдерінің әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуі де таңғалдырады.
Дегенмен ол этностық және діни әралуандықты сақтаумен қатар, оны араздық тудыру үшін пайдалануға жол бермеу керек екенін ескертті.
"Қазақстанның этностық және діни әралуандығы – баға жетпес мәдени байлық әрі елдің даму әлеуетін арттыратын ресурс. Әрине, бұл ерекшеліктерді жанжал тудыру немесе кемсіту мақсатында пайдалануы мүмкін деген қауіп те бар. Алайда мемлекеттің салмақты саясаты, сенушілер мен діни көшбасшылардың шынайы сенімі және жасампаз қызметі осы қауіптерге қарсы сенімді қорған болып отыр", – дейді Вон-буддизм өкілі.
Оның айтуынша, мемлекет пен діни бірлестіктердің басты міндеті – елдегі бейбітшілік, қауіпсіздік пен халықтың әл-ауқаты үшін өз міндетін адал атқару. Ғибадатхана қабырғасында әлемдік бейбітшілік пен діни бірлікті насихаттайтын қытай иероглифтерімен жазылған жазу ілулі тұр.

Ким ұстаздың айтуынша, ондағы негізгі ой – әлемде бейбітшілік орнап, түрлі дін өкілдері өзара түсіністік пен бірлікте өмір сүруі керек.
Алматы орталық мешіті
Фоторепортажымыздың келесі нүктесі – Алматы орталық мешіті. Мұнда да мешіт өкілімен кездесіп, ислам дінінің қоғамдағы татулықты сақтаудағырөлі, өзге конфессия өкілдерімен қарым-қатынас және Қазақстандағы дінаралық келісім туралы пікір алмастық.

Алматы орталық мешітінің Бас имамы Төлеби қажы Оспан діни ағарту, жастар тәрбиесі және конфессияаралық диалогты дамыту бағыттарын атады.
"Қазақстандағы конфессияаралық келісімді қоғамның тұрақтылығы мен бейбіт өмірінің маңызды негіздерінің бірі ретінде бағалаймын. Алайда татулық орнады деп, діни саладағы мәселелерді назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазіргі кезеңде діни сауатсыздық, әлеуметтік желілер арқылы бақылаусыз таралатын діни ақпарат пен радикалды көзқарастардың ықпалы өзекті болып қала береді. Бұл мәселелердің алдын алу үшін бірнеше бағытқа басымдық беру қажет. Біріншіден, дін құндылықтарын дұрыс әрі түсінікті жеткізу маңызды. Екіншіден, жастармен жұмысты күшейтіп, олардың діни, рухани және өмірлік сұрақтарына сауатты жауап беретін орта қалыптастыру керек. Үшіншіден, түрлі конфессия өкілдері арасындағы диалогты дамыту қажет”, – деп түсіндірді Бас имам Төлеби қажы Оспан.

Алматы орталық мешітінің Бас имамы Төлеби қажы Оспан исламдағы төзімділік пен өзге дін өкілдеріне құрмет көрсету қағидаларына тоқталды.
"Ислам діні бейбітшілікке, әділеттілікке және ізгілікке үндейді. Ата дініміз адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптейді. Адам баласын дініне, ұлтына, нәсіліне қарап алалауға қатаң тыйым салады. Құранда Бақара сүресінің 256-аятында “Дінде зорлық жоқ” деп баяндалған. Сондай-ақ бір-бірлеріңді танып-білу үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Алланың алдында ең ардақтыларың – тақуаларың” делінген. Бұл аят адамзаттың әртүрлі ұлт пен қауымға бөлінуі бір-бірінен бөлектену немесе қарсыласу емес, керісінше, өзара танысу, түсінісу және қарым-қатынас орнату үшін берілген ерекшелік екенін түсіндіреді. Исламда адамның қадір-қасиеті ұлтына, әлеуметтік жағдайына немесе сыртқы ерекшелігіне қарай бағаланбайды", – дейді Алматы орталық мешітінің Бас имамы.

Қазақстанда конфессияаралық татулықты сақтауда мешіттердің де өзіндік орны бар. Олар қайырымдылық шаралары мен қоғамдық бастамалар арқылы өзара сыйластықты нығайтуға үлес қосады. Алматы орталық мешітінің Бас имамы Төлеби қажы Оспан діни сенімге қарамастан, әр адамның құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеу маңызды екенін атап өтті.

P\S: Бірнеше діни ғимаратты аралап, түрлі конфессия өкілдерімен жүздесу барысында бір ортақ ойға көз жеткіздік. Сенімдері мен дәстүрлері әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін құндылықтар бар. Ол – бейбітшілік, өзара құрмет, мейірім және ортақ қоғам алдындағы жауапкершілік. Қазақстандағы дінаралық келісімнің негізі де осындай қарапайым, бірақ маңызды ұстанымдардан басталады.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)