Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ипотеканы бастапқы жарнасыз беру ұсынылды

ипотека
Фото: magnific.com

Қазақстанда ипотека алу үшін бастапқы жарна төлеу талабын алып тастау ұсынылды. Жылжымайтын мүлік саласының мамандары баспана алуға ақша жинай алмаған адамның ипотеканы төлей алмайтынын білдірмейтінін айтады. Алайда кей сарапшылар бастапқы жарнасыз несие беру халықтың қарызын көбейтіп, үй бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін деп алаңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір ай сайынғы табысы тұрақты, несие тарихы жақсы адамдардың арасында да баспана ала алмай жүргендер бар. Олардың ипотеканы ай сайын төлеп отыруға шамасы жетеді. Бірақ бастапқы жарнаға бірнеше миллион теңге жинау көпшіліктің қолынан келе бермейді. Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Имран Османов банктер несие берерде әр адамның жағдайына жеке қарауы керек дейді. Оның сөзінше, бастапқы жарнаны жинаған адамның өзі ипотеканы 20 жыл бойы үзбей төлейтініне кепілдік жоқ.

"Егер адамның табысы тұрақты болса, ипотеканы төлегеннен кейін де отбасын асырауға ақшасы жетсе, оған бастапқы жарнаны азайтып немесе мүлде алмай несие беруді қарастыруға болады. Оның үстіне, бастапқы жарнаға ақшаны қайдан алғанын да ескеру керек. Біреу оны жылдар бойы өзі жинайды, біреуге ата-анасы немесе туыстары көмектеседі. Ал енді бірі сол жарнаны төлеу үшін банктен тағы несие алады", – деді Имран Османов.

Дегенмен бастапқы жарнадан бас тартуды қолдамайтын мамандар да бар. Олар мұндай жағдайда халықтың қарызы көбейіп, баспана бағасы тағы шарықтауы мүмкін дейді. Өйткені ипотека алу оңайласа, үй сатып алуға ниетті адамдар да көбейеді. Жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Александр Пак бастапқы жарнаның аз болғаны несие алушыға тиімді деген сөз емес екенін айтады.

"Бастапқы жарна мүлде болмауы да, 5 пайыз болуы да мүмкін. Бірақ бұл ипотеканы арзандатпайды. Қайта қарызға алатын ақша көбейеді. Соған сай адамның мойнына түсетін қаржылық салмақ та артады", – деді Александр Пак.

Ал R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғанов бастапқы жарнаны мүлде алып тастау дұрыс емес деп есептейді. 

"Меніңше, бастапқы жарна болуы керек. Бұл банктің тәуекелін азайтады әрі несие алған адамның жауапкершілігін күшейтеді. Адам үй алуға өз қалтасынан ақша шығарған соң, қарызын уақытында төлеуге де тырысады. Ақшасын дұрыс жұмсап, үнемдей білетін адам бастапқы жарнаның 10 пайызын жинай алады деп ойлаймын", – деді Арман Байғанов.

Сондықтан қаржы мамандары бастапқы жарнаны біржола алып тастағаннан гөрі, табысы тұрақты, несие тарихы жақсы адамдарға қойылатын талаптарды жеңілдетуді ұсынады. Олардың пікірінше, бұл қадам халықтың баспана алуына жағдай жасап, банктерді де артық тәуекелге ұрынудан сақтайды.

Еске салсақ, бұған дейін біреудің ипотекасына кепілгер болған азамат қандай жағдайда қарызды өтеуге міндеттелетіні туралы жазған едік. Қарыз алушы төлем жасамаса, банк шартқа сәйкес кепілгерден ақшаны талап ете алады. Сондай-ақ кепілгер болу азаматтың өз атына ипотека рәсімдеуіне заң жүзінде тыйым салмаса да, банктің несие беру туралы шешіміне әсер етуі мүмкін.
 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 09:47