Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады
Астаналық әйел қоғамдық көлікте бақылаушылардың жолаушыларға дөрекілік танытып, жеке шекарасын сақтамайтынын айтып, желіде шағымданды. Оның сөзінше, бақылаушылар жолақы төлеуге ақшасы жетпеген балаларды автобустан түсіріп жібереді, тіпті қыстың аязында теңгесі жетпей қалған қарттарды да аяп жатпай, аялдамада қалдырады. Әйелдің өзі де бақылаушының дөрекі әрекетінен қолы қызарып қалғанын айтып, мұндай жағдайға алғаш рет тап болмағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сондай-ақ видео авторы бақылаушымен болған жанжалдардың бірін баяндады. Оның айтуынша, сол кезде бақылаушы әйелдің қолынан телефонын жұлып алмақ болған. Ер адам оның қолын қатты қысып, жұлқылаған.
"Бұлар сондай. Камера қосылғанда ғана қорқасыңдар, ал камера жоқ кезде тиісесіңдер ғой. Жоқ, мен олардың жұмысын түсінемін. Тіпті адамгершілік танытуға да тырысамын. Бірақ шынын айтқанда, бақылаушылар өте мәдениетсіз, дөрекі сөйлейді. Мен дәл осыған қарсымын. Менде бүгінгі жағдайдың видеосы бар. Қолым қызарып кеткен еді, енді ғана басылды. Ал гель-лак жағылған тырнағым сынып қалды. Қолым әлі де қақсап ауырып тұр. Тіпті осы оқиғаны желіге жариялағанымда, басқа бақылаушылардың бірі маған: “Қолыма түссең ғой”, – деп жазыпты. Бұл кәдімгі бандитизм ғой. Нағыз 90-жылдардағыдай ұғыммен өмір сүретін қарақшылар сияқтысыздар", – деп шағымданды ол.
"Қалтасында 100 теңгесі де, телефоны да жоқ қарияны түсіріп жіберді"
Осы тұста тұрғын автобусты тексеретін бақылаушылардың жұмысын тексеруді талап етті. Айтуынша, олар оқушыларға да, қарттарға да дөрекілік танытып, кейде моральдық қысым көрсетеді.
"Мен бұған талай рет куә болдым. Мектеп оқушыларына да ұрсып, қорқытып жатады. Кәмелетке толмаған балаға кенедей қадалып алады. Біліп жүріңіздер, олардың баланы автобустан түсіріп, ұстап тұруға құқығы жоқ. Осыны біле тұра, өз өкілеттігін асыра пайдаланып, дөрекі сөйлейді. Мен мұндай жағдайларды талай көрдім, күнде автобуспен жүремін. Кішкентай балаларға мұндай жағдай өте жиі жасалады", – деді ол.
Тұрғын бақылаушылардың жолаушылармен қарым-қатынас жасау мәдениетін де сынға алды. Оның сөзінше, бірде бақылаушылардың бірі жол жүру картасы жоқ балаға "Алла жазаңды берсін" деп айтқан. Сондай-ақ жақында бір бақылаушы қалтасында 100 теңгесі де, телефоны да жоқ қарияны автобустан түсіріп жіберген.
"Сол кісіні менің көз алдымда автобустан түсіріп жіберді. Қазақстанның, Қазақ елінің, Астананың келбетін танытып жүрген формадағы қызметкерлердің мұндай мәдениетсіз қылықтары көңілге қонбайды. Қоғам алдында өзін қалай ұстау керегін, балалармен және үлкендермен қалай сөйлесу қажет екенін үйрету керек сияқты", – деп кейіді тұрғын.
Оқиғаға байланысты "Байқоңыр" ауданы полиция басқармасы пікір білдірді. Ведомство құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілгенін мәлімдеді.

Бақылаушылар жұмысқа қандай талаппен қабылданады?
Stan.kz тілшісі CTS Көліктік бақылау департаментінен де пікір сұрады. Ведомство №7 автобус паркінің бақылау-сызықтық қызметкеріне қатысты оқиға бойынша тексеру жүргізгенін мәлімдеді.
"Тексеру барысында оқиғаның жолақы төлемін бақылау кезінде болғаны анықталды. Сол кезде кәмелетке толмаған жолаушы заңды өкілінің еріп жүруімен жолақы төлемей келе жатқан. Бақылау-сызықтық қызметкері оқушы мектеп көлік картасын пайдаланып, жол жүруін тіркеген жағдайда ғана қоғамдық көлікте тегін жүре алатынын түсіндірген. Ал картасы болмаған жағдайда жолақы жалпы тәртіппен төленуі тиіс. Тексеру қорытындысы бойынша қызметкермен қызметтік әдеп нормаларын сақтау, лауазымдық міндеттерін тиісінше орындау және жолаушылармен дұрыс қарым-қатынас жасау қажеттігі жөнінде әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар ол Көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығында "Бақылау-сызықтық қызмет" бағдарламасы бойынша қосымша оқуға жіберілді", – деді департамент.
Редакциямыз сондай ақ, бақылаушыларды жұмысқа алу талабы, оларды қадағалау жұмыстары қалай жүргізілетінін де сұрады. Департамент бұл қызметке үміткерлер жұмыс беруші белгілеген біліктілік талаптарына сай іріктелетінін алға тартты. Яғни жұмысқа қабылдау кезінде олардың білімі, кәсіби білімі мен дағдылары, еңбек өтілі және лауазымдық міндеттерді орындау қабілеті ескеріледі екен.
“Нақты талаптар атқаратын қызметіне байланысты белгіленеді. Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкерлер арнайы нұсқамадан өтіп, лауазымдық міндеттерімен, жолақы төлемін тексеру тәртібімен, жабдықтарды пайдалану ережелерімен және жолаушылармен қарым-қатынас жасау стандарттарымен танысады. Сонымен қатар біліктілікті арттыруға бағытталған "Бақылау-сызықтық қызмет" бағдарламасы бойынша қосымша оқыту ұйымдастырылады. Оның аясында қызметкерлер заңнама талаптарын, жабдықтармен жұмыс істеу тәртібін және жолаушылармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренеді”, – деп түсіндірді ведомство.
Бақылаушыларды CTS Көліктік бақылау департаменті қадағалайды. Ал шағымдар түскен жағдайда тексеру жүргізіліп, тиісті шараларды осы департамент атқарады.
“Қажет болған кезде қызметкерлермен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, нұсқамалар беріліп, қосымша оқыту ұйымдастырылады. Жолаушылар 109 iKomek байланыс орталығына хабарласа алады немесе e-Otinish жүйесі арқылы CTS-ке ресми өтініш жолдай алады. Егер қызметкерлердің әрекетінен заң бұзушылық белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына да жүгінуге болады. Қызметтік міндеттерін, еңбек тәртібін және ішкі ережелерді бұзған қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал тиісті негіздер болған жағдайда әкімшілік, азаматтық-құқықтық немесе қылмыстық жауапкершілікті уәкілетті мемлекеттік органдар мен сот белгілейді”, – деп түсіндірді ведомство.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда жол апатына ұшыраған автобустың жүргізушісінен ресми деректер базасында тіркелмеген жүргізуші куәлігі анықталған еді. Ал ол айдаған автобус апатқа ұшырады.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады