Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қайта жаңғыру ойыны”: Алматыда бизнес өкілдері жасанды интеллектінің болашағын талқылау үшін бас қосты

 
Фото: "Филип Моррис Қазақстан"

Алматыда бизнес өкілдері жасанды интеллектінің болашағын талқылау үшін бас қосты. Қалада "The Reinvention Game" ("Қайта жаңғыру ойыны") атты іскерлік кездесу өтті. Оған халықаралық және қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысып, жасанды интеллект бизнесті қалай өзгертіп жатқаны және жаңа технологияны жұмыс үдерісіне тиімді енгізу жолдары туралы пікір алмасты. "Philip Morris International" компаниясының өкілдері жасанды интеллект қызметкерлерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін деген алаңдаушылыққа қатысты пікір білдіріп, компания мамандарды жаңа технология дәуіріне қалай дайындап жатқанын айтып берді.

Шараның "The Reinvention Game" ("Қайта жаңғыру ойыны") деп аталуы да кездейсоқ емес. Өйткені жасанды интеллект дәуірінде компаниялар жаңа технологияның көмегімен жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттыру үшін кәсіп жүргізу тәсілдерін өзгертіп жатыр.

Кездесуде спикерлер осы өзгерістерді өз тәжірибесі арқылы талдап, жасанды интеллектіні компания жұмысына енгізу жолдарын, нақты нәтижелерін және кездескен кедергілерін ортаға салды. Жиынға "Philip Morris International" (ФМИ), KPMG, Microsoft, Magnum Cash & Carry және Efes Kazakhstan компанияларының өкілдері қатысып, маңызды мысалдарды талқылады.

"Филип Моррис Қазақстан" ЖШС басқарушы директоры Омар Абделатиф компанияда жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесі туралы кезең-кезеңімен айтып берді.

Фото: "Филип Моррис Қазақстан"

ЖИ "Philip Morris International" компаниясына қалай көмектесіп келеді?

Бүгінде компанияда жасанды интеллект қызметкерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арттыруға көмектесіп отыр. Мәселен, сауда өкілдері бір күнде аралауы керек 30 дүкеннің бағытын енді жасанды интеллект оңтайландырады. Ол тек жақын орналасқан сауда нүктелерін емес, бизнес үшін маңызы жоғары дүкендерді де ескеріп, қай жерге бірінші барған тиімді екенін ұсынады.

Бұдан бөлек, компания екі жаһандық ЖИ құралын енгізіп, жергілікті деңгейде 100-ден астам шешім әзірлеген. Олардың кейбірі қазір басқа нарықтарда қолдануға бейімделіп жатыр. 

"Жасанды интеллект жұмысымды тартып алады”: ФМИ қызметкерлерінің 92%ы ЖИ-ге қалай көшті

Омар Абделатифтің айтуынша, мұндай нәтижеге бірден қол жеткізу мүмкін болмаған. Компания жасанды интеллектіні енгізуді технология таңдаудан емес, алдымен қызметкерлердің қажеттілігін зерттеуден бастаған. 

Фото: "Филип Моррис Қазақстан"

 

“Басында “жасанды интеллект жұмысын тіпті өзім түбегейлі түсіне бермеймін, сонда компаниядағы 850 қызметкерге қалай түсіндіремін?” деген сауал болды. Себебі қызметкерлер жасанды интеллектіге “жұмыс орнымды тартып алатын технология” деп үреймен қарайтыны жасырын емес. Бірақ бірнеше жылдан бері жаңа технологияға көшуді өзіміз де қалап келдік. Себебі оның арқасында көз алдымызда миллиондаған түрлі мүмкіндік пайда болды. Неден бастау керегін ешқайсымыз білмедік. Сондықтан мен: "мұның бәрін бір сәтке ысырып қояйық. Алдымен жасанды интеллектіні енгізудегі мақсатымыз не екенін анықтау керек” деп шештім”, – деді компания басшысы. 

Омар Абделатиф осы мақсатта алдымен басқарушы топ жиналып, ЖИ-ді үйрететін арнайы оқытушылармен жұмыс істегенін айтады. Кейін компаниядағы деректерге талдау жүргізіліп, бөлшек сауда аудиттері, негізгі клиенттер туралы ақпарат жиналған. Бұдан соң қызметкерлерді жасанды интеллектімен жұмыс істеуге дайындау міндеті тұрған. 

“Меніңше, жасанды интеллектіні енгізуде ең алдымен адамдарға назар аудару маңызды. Қызметкерлерге түсінбейтін құралды бірден беріп, оны қолдануды талап ету нәтиже бермейді. Сондықтан біз қарапайым нәрселерден бастадық: күнделікті қайталанатын міндеттерді жеңілдетіп, қызметкерлердің уақытын маңыздырақ жұмыстарға бөлуіне мүмкіндік жасадық. Жұмысты мамыр айында бастадық. Алғашқы кезеңде жасанды интеллект туралы түсінік беріп, қарапайым құралдарды таныстырдық. Кейін пилоттық жобаларды кеңейттік. Сонымен қатар әртүрлі бөлімдерден технологияға қызығатын 29 қызметкерді іріктеп, “AI Champions” тобын құрдық. Олар жаңа құралдарды меңгеріп, өзге әріптестеріне көмектесті. Нәтижесінде 23 семинар өткізіп, қызметкерлерді осы үдеріске белсенді тарта алдық. Қазір компаниядағы қызметкерлердің 92%ы жасанды интеллект құралдарын күн сайын пайдаланады”, – деп қосты ол.

Компания басшысы бұл құралдардың ең алдымен тікелей клиенттермен жұмыс істейтін қызметкерлердің уақытын үнемдеуге көмектескенін алға тартты. 

“Мысалы, Қазақстандағы сауда өкілін алайық. Оның міндеті – бір күнде 30 дүкенге бару. Бұрын ол бағытты көбіне өзіне ыңғайлы орналасуына қарай, яғни қай дүкен жақын болса, алдымен соған баратындай етіп жоспарлайтын. Ал қазір жаңа құрал оған қашықтығы жақын болғанымен, аса маңызды емес нүктелерді бірден көрсетіп, дұрыс маршрут құрып береді. Осылайша, құрал қызметкерге күнделікті бағытын жоспарлауға көмектесіп, ең маңызды сауда нүктелерін қамтуға мүмкіндік береді. Біз осындай екі жаһандық құралды енгіздік. Бұдан бөлек, жергілікті деңгейде 100-ден астам құрал әзірленді”, – деп түсіндірді ол.

Омар Абделатиф жасанды интеллектіні өзінің күнделікті жұмысын ұйымдастыруға да қолданатынын айтты. Ол Copilot арқылы жеке агент құрып, оны кездесулердің орнын нақтылауға, күн тәртібін жоспарлауға уақыт бөлуге бейімдеген.

“ Мені ерекше қуантатыны – Қазақстанда өз командамыз әзірлеген жасанды интеллект құралдарының нақты нәтиже беріп жатқаны. Қызметкерлер осы құралдардың көмегімен жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, уақыт пен ресурсты үнемдеудің жаңа жолдарын тауып келеді. Сонымен қатар біз жергілікті тәжірибемізді басқа нарықтармен бөлісіп, Қазақстанда әзірленген кейбір шешімдерді өзге елдерде қолдануға бейімдейміз. Әрине, қиындықтар да бар. Қызметкерлер жасанды интеллектіні көбіне хат жазу немесе құжаттарды қысқаша мазмұндау сияқты қарапайым міндеттерге пайдаланады. Ендігі мақсатымыз – құралдардың мүмкіндіктерін тереңірек қолданып, ауқымын кеңейту. Өйткені жасанды интеллект жұмыс орындары мен міндеттерді өзгертеді. Сондықтан қызметкерлердің жаңа жағдайға бейімделуіне қажетті дағдыларын дамытуды жалғастыруымыз керек", – деп сөзін аяқтады Омар Абделатиф

“Бір өзгеріс аяқталса, екіншісі басталады”

"Филип Моррис Интернэшнл" компаниясының жаһандық кадр саясаты және корпоративтік мәдениет жөніндегі бас директоры Фредерик Патитуччи өз баяндамасында компанияның қазір өзгеріс пен жаңару кезеңіне аяқ басқанын алға тартты. Айтуынша, жасанды интеллектіні енгізу 83 мың адамнан тұратын ұжым үшін оңай болмаған және көп уақытты талап еткен.

каамк
Фото: "Филип Моррис Қазақстан"

 

“Біздің компанияда бір өзгеріс аяқталса, екіншісі басталады. Біз жасанды интеллектінің қызметкерлерге әсері туралы ашық сөйлесіп, білетінімізді де, әлі белгісіз тұстарды да жасырмадық. Сондай-ақ әлемдегі барлық қызметкерге ЖИ құралдарын сынап көруге мүмкіндік беріп, былтыр оны қолданудың 1 200 сценарийін жинақтадық. Биыл басқару жүйесін енгіздік. Әдетте бұл сөзді бәрі бірдей ұната бермейтінін білемін. Дегенмен арнайы бақылау орталығын құрып, бірнеше жыл бойы үйрену мен бейімделу кезеңінен өткен соң, жасанды интеллектіні дамытудың 13 негізгі бағытын таңдадық. Олардың қатарында B2B және B2C, контент, жеткізу тізбегі, бренд құндылығын қалыптастыру, жоспарлау мүмкіндіктері, қаржы, HR, операциялық қызмет және IT салалары бар. Қазір барлық күш-жігеріміз, қаражатымыз, инвестициямыз бен уақытымызды осы бағытқа жұмсап жатырмыз”, – деп түсіндірді ол.

Фредерик Патитуччи Қазақстанның жаңа технологияларды қабылдауға дайын нарықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, компания жасанды интеллектіні енгізу аясын кеңейту мақсатында Алматыда қызметкерлер қатысатын пилоттық жоба бастаған.

“Жасанды интеллект жұмыс тәсілдерін өзгертіп, кейбір дағдылардың маңызын төмендетсе, жаңаларына сұранысты арттырады. Сондықтан біз компаниядағы 83 мың жұмыс орнын талдап, 2 мың кәсіби бағыт пен қызметкерлерге қажет 1 250-ге жуық дағдыны анықтадық. Бұл мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыруға негіз болды. Бұл ретте жасанды интеллект ұсынған нәтижелерді тексеру үшін адамның сыни ойлауы мен бақылауы маңызды болып қала береді”, – деп қосты директор.

“Компаниялардағы жаппай қысқарту ЖИ-ге байланысты емес”

Фредерик Патитуччидің айтуынша, жасанды интеллектіні компания жұмысына енгізу ғана жеткіліксіз. Ең маңыздысы технология нақты нәтиже беріп, жұмыс үдерістерін жеңілдетуі керек. Сондықтан компания қазір өнімді зерттеу мен әзірлеуден бастап, оны нарыққа шығаруға дейінгі барлық кезеңді бір жүйеге келтіруге күш салып жатыр.

"Біз жасанды интеллектіні қолданыстағы күрделі процестерге жай ғана қоса салу нәтиже бермейтінін түсіндік. Сондықтан зерттеу мен әзірлеуден бастап, өнімді нарыққа шығаруға дейінгі барлық кезеңді өзара байланыстырып, бір жүйеге келтіріп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – жұмысты жылдам әрі икемді ету, өнімді тұтынушыға тезірек жеткізу. Ал жасанды интеллектінің әсерінен кейбір әкімшілік міндеттер өзектілігін жоғалтса, қызметкерлерді қайта даярлап, компания ішіндегі басқа қызметтерге ауыстыруға тырысамыз. Меніңше, алдағы уақытта компанияларда жаппай қысқарту болады деп ойламаймын. Керісінше, қызметкерлердің міндеттері өзгеріп, жаңа дағдыларды меңгеруіне тура келеді", – деді ол. 

Фредерик Патитуччи жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері туралы пікір білдіріп, компаниялар технологияны қызметкерлерді қысқартудың себебі ретінде көрсетпеуі керегін атап өтті. Оның сөзінше, басты назар нақты нәтижеге және мамандарды жаңа өзгерістерге бейімдеуге аударылуы керек.

"Жасанды интеллектіні енгізу сылтауымен қызметкерлерін қысқартқан компаниялар туралы жаңалықтарды сіздер де көрген боларсыздар. Алайда кейбір жағдайда мұндай шешімдердің технологияға тікелей қатысы болмаған. Кей компаниялар жасанды интеллект төңірегіндегі үлкен қызығушылықты өз пайдасына пайдалануға тырысты. Түптеп келгенде, ең маңыздысы – нақты нәтиже. Мен жасанды интеллектіні жұмысты жылдамдатып, үдерістерді икемдірек ететін қозғаушы күш ретінде қарастырамын. Бұл туралы қызметкерлермен ашық сөйлесу олардың алаңдаушылығын азайтуға көмектеседі. Дегенмен барлық жұмыс орны бұрынғы қалпында сақталады деп артық уәде беруге болмайды. Өйткені жұмыс орындары мен міндеттер өзгереді. Ал бұл өзгерістерге қайта оқуға, жаңа дағдыларды меңгеруге дайын адамдар ғана бейімделе алады", – деп қорытты ол. 

Мақала "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС-нің ақпараттық қолдауымен дайындалған және компанияның қызметіне арналған. Мақала тек ақпараттық сипатқа ие және компанияның немесе оның өнімінің жарнамасы болып табылмайды.

Stan.kz
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 15:55