"Өз руымнан орын табылмады": Фариза Ескермес татар шежіресіне енгенін мәлімдеді
Танымал актриса Фариза Ескермес қазақ шежіресінде қыз балалардың есімі неге сирек кездесетінін айтып, көпшіліктің назарын аударды. Өнер иесі өз руының шежіресінен есімін таппағанымен, татар ұлтынан шыққан күйеуінің әулет шежіресіне енгізілгенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актриса әлеуметтік желідегі парақшасында жұбайы Андрей Чалковтың әулет шежіресін көрсетті. Онда Фаризаның есімі күйеуінің атының қасында жазылып, “Андрейдің әйелі” деп көрсетілген.
Осыған байланысты актриса қазақтың дәстүрлі шежіресінде қыздардың есімі неге жиі аталмайтынына қатысты мәселені көтерді.
“Ал, татарлардың шежіресіндемін... Өзіміздің Ысты руының шежіресінен орын табылмай, татар елінің шежіресінде жүрмін... Біздің дәстүрге өкпем қара қазандай, байқасаңыз”, – деп жазды Фариза Ескермес.

Өнер иесінің айтуынша, шежіре ұрпаққа ата-баба тарихын жеткізу үшін жасалатын болса, онда сол әулетте дүниеге келген қыздар мен ұрпақ тәрбиелеген аналардың есімі де ұмыт қалмауы керек.

Актриса қазақ қоғамында әулеттің жалғасы көбіне ер адамдар арқылы көрсетілетініне назар аударды. Ол шежіреде әкелердің есімі жазылғанымен, аналардың аты жиі аталмайтынына қынжылыс білдірді.
“Анаңның есімі ұмытылса, шежіренің қажеті не?” – деп жазды актриса.

Фаризаның бұл пікірі әлеуметтік желіде талқыға түсті. Кейбір қолданушылар оның сөзін қолдап, қыздардың есімі өз төркінінің де, келін болып түскен әулетінің де шежіресіне енбей қалатынын айтты.
Тағы бір оқырман әулетті жалғастыратын ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналардың да есімі ұрпақ жадында сақталуы керек деген пікір білдірген.
Айта кетейік, актриса Фариза Ескермес пен Андрей Чалков 2024 жылы шаңырақ көтерген. Өнер иесі “Нұрикамал”, “Қазақ хандығы”, “Алаяқтар” және өзге де отандық кинотуындылардағы рөлдері арқылы көрерменге танылған.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар әйелдерді шежіреге қосуды ұсынғаны хабарланған еді. Себебі қазақ әйелдері ұрпақты дүниеге әкелуші, тәрбиелеуші және ұлттық құндылықтарды сақтаушы, сондықтан олардың еңбегін есте қалдыру маңызды деп санайды.