Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар шетелдік инвесторлардың басқаруына берілмек
Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу тәртібі өзгермек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл аймақтарды жеке компанияларға, оның ішінде шетелдік инвесторлардың басқаруына беруді қарастырып жатыр. Сондай-ақ олардың инфрақұрылымын дамыту үшін Ислам даму банкінен 1,3 миллиард доллар қарыз тарту жоспарланып жатқаны да белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтар өңірлерге инвестиция тартып, жаңа зауыттар мен өндіріс орындарын ашу мақсатында құрылған еді. Онда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер, жер мен өндірістік алаңдарды жалға алудың тиімді шарттары және басқа да қолдау шаралары да қарастырылған. Алайда мемлекет тарапынан осындай мүмкіндіктер жасалғанымен, бұл аймақтардың жұмысында әлі де шешілмеген мәселелер бар екен.
Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда 19 арнайы экономикалық және 69 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін алға тартты. Олардың аумағында осы күнге дейін 900-ден астам жоба жүзеге асырылып, 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған.
"Кәсіпорындар 22,3 триллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 1 триллион теңгеден астам салық төледі. Дегенмен қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысында шешуді қажет ететін мәселелер бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен олардың жұмысын жаңаша ұйымдастыру үлгісі әзірленді. Ол үш негізгі бағытты қамтиды", – деді министр.
Жаңа үлгінің алғашқы бағыты арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын алдын ала дайындауды көздеп отыр.
"Арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуінің үш негізгі бағытты қамтитын жаңа моделі әзірленді. Бірінші бағыт – инфрақұрылымды алдын ала дайындау. Енді қажетті инженерлік және өндірістік инфрақұрылым инвестор келгенге дейін дайын болуы керек. Осы мақсатта Ислам даму банкінен 1,3 миллиард доллар қаржы тарту мәселесі пысықталып жатыр", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Ал екінші өзгеріс арнайы экономикалық аймақтарды басқару жүйесіне қатысты.
"Арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілдері қайта қаралып жатыр. Соның ішінде оларды жеке компаниялардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың басқаруына беру қарастырылған. Басқарушы компаниялар инвесторларды белсенді түрде тартып, жобаларды сүйемелдейтін толыққанды даму операторларына айналуы керек. Сондай-ақ олар кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсетуге тиіс", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Үшінші бағыт жаңа өндіріс орындарын ашу тәртібін өзгертуді көздеп отыр. Бұдан былай арнайы экономикалық аймақта кәсіпорын салуға өтінім берген инвестордың жобасы нарықтағы сұраныс пен жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының мүмкіндігі ескеріле отырып бағаланбақ. Бұл қадам бірдей өнім шығаратын зауыттардың шамадан тыс көбейіп, кейін тапсырыссыз қалуының алдын алуына мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың есебіндегі жетістіктер шынайы жағдаймен сәйкес келе бермейтінін сынға алған еді. Оның айтуынша, отандық зауыттар ұзақ мерзімді тапсырыс пен қажетті шикізатқа қол жеткізуде әлі де қиындық көріп отыр. Мәселен, биылғы алғашқы жартыжылдықта мұнай-газ саласындағы сатып алуларда қазақстандық тауарлардың үлесі небәрі 21%, ал қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компанияларда 17% болған. Депутат елімізде өндіруге болатын тауарлардың әлі күнге дейін шетелден сатып алынатынын айтып, отандық кәсіпорындарды қолдау шараларының тиімділігіне күмән келтірген.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды