Қазақстанның сегіз банкінде халықтың 184 миллиард теңге салымы азайған
Қазақстанда халықтың банктердегі жинағы жалпы өсіп жатқанымен, сегіз қаржы ұйымында керісінше төмендеген. Бір жыл ішінде бұл банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері шамамен 184 миллиард теңгеге азайған. Ақшасын ең көп жоғалтқан банк – Alatau City Bank. Оның депозиттік қоржыны 68,6 миллиард теңгеге қысқарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қай банктердегі депозит көлемі азайған?
2026 жылғы қыркүйектің соңындағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың депозиттері 30,7 триллион теңгеге жеткен. Бір жылда халықтың банктердегі жинағы 16%-ға немесе 4,2 триллион теңгеге өскен.
Алайда бұл өсім барлық банкке бірдей әсер етпеген. Сегіз банкте жеке тұлғалардың салым көлемі азайған.
- Ranking.kz деректеріне сүйенсек, ең үлкен төмендеу Alatau City Bank-те тіркелген. Бір жылда банктегі халық салымдары 8,9%-ға, яғни 68,6 миллиард теңгеге азайып, 769,8 миллиард теңгеден 701,2 миллиард теңгеге түскен.
- Екінші орында Еуразиялық банк тұр. Ондағы жеке тұлғалардың депозиттері 57,1 миллиард теңгеге немесе 4,9%-ға қысқарып, 1,16 триллион теңгеден 1,1 триллион теңгеге дейін төмендеген.
- Үшінші орында Altyn Bank орналасқан. Бір жылда оның депозиттік қоржыны 35,2 миллиард теңгеге немесе 8,9%-ға азайып, 396,4 миллиард теңгеден 361,3 миллиард теңгеге түскен.
Тағы бес банкте де халықтың жинағы азайған. Атап айтқанда:
- Банк ВТБ Қазақстанда депозиттер 8,8 миллиард теңгеге немесе 21,7%-ға қысқарып, 40,8 миллиард теңгеден 31,9 миллиард теңгеге түскен.
- KZI Bank-те 5,4 миллиард теңгеге немесе 12,7%-ға азайып, 42,8 миллиард теңгеден 37,4 миллиард теңгеге төмендеген.
- Shinhan Bank Kazakhstan-да 3,1 миллиард теңгеге немесе 36,5%-ға қысқарып, 8,6 миллиард теңгеден 5,5 миллиард теңгеге түскен.
- Қазақстандағы Қытай банкінде 1,5 миллиард теңгеге немесе 52,3%-ға азайып, 2,9 миллиард теңгеден 1,4 миллиард теңгеге дейін төмендеген.
- Заман-Банкте депозит көлемі 93%-ға азайған. Бір жыл бұрын 5,3 миллиард теңге болса, биыл 371 миллион теңге қалған. Ақшалай есептегенде, төмендеу 4,9 миллиард теңгені құраған.
Осылайша, сегіз банктегі халық салымдарының жалпы қысқаруы 184 миллиард теңгеге жуықтаған.
Қай банктегі төмендеу ең жоғары болды?
Ақшалай көлем бойынша Alatau City Bank көш бастағанымен, пайыздық көрсеткішпен қарағанда жағдай өзгеше. Ең үлкен төмендеу Заман-Банкте тіркелген: бір жылда халықтың депозиттері 93%-ға азайған.
Сондай-ақ Қазақстандағы Қытай банкінде бұл көрсеткіш 52,3%-ға, Shinhan Bank Kazakhstan-да 36,5%-ға төмендеген.
Ranking.kz деректерінде CitiBank Kazakhstan-дағы жеке тұлғалардың депозиттері де бір жылда 2,6 миллион теңгеден нөлге дейін азайғаны көрсетілген. Алайда сарапшылар мұны клиенттердің жаппай ақшасын алуымен байланыстыруға болмайтынын атап өткен. Себебі банк негізінен ірі компаниялармен, соның ішінде мұнай өндіру саласындағы кәсіпорындармен жұмыс істейді. Жеке тұлғалар оның негізгі клиенттері емес.
Қазақстандықтар ақшасын банктерде сақтауды жалғастырып жатыр ма?
Жекелеген банктердегі төмендеуге қарамастан, жалпы банк жүйесінде халықтың жинағы өсіп келеді. 2026 жылғы қыркүйектің соңында жеке тұлғалардың депозиттері 30,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық.
Бұған дейін Қазақстан банктері 2026 жылдың үшінші тоқсанында кейбір депозит түрлері бойынша жылдық 18,6%-ға дейін сыйақы ұсынғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Stan.kz базалық мөлшерлеменің банктердегі несие мен депозит шарттарына қалай әсер ететінін түсіндірген еді. Онда Ұлттық банк мөлшерлемені өзгерткенде банктердің салым бойынша ұсынатын сыйақысы мен несие құны қалай құбылатыны, сондай-ақ депозит таңдағанда нені ескеру керегі айтылған.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
