Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда ауыл шаруашылығы техникасына бөлінген 1,1 миллиард теңге субсидия қолды болған

Жаңбырлатып суару көлігі
Фото: magnific.com

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген 1,1 миллиард теңге көлеміндегі субсидияны жымқыру дерегі тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдікті жаңбырлатып суару көліктерін сатып алуға арналған мемлекеттік қолдау қаражатын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті техника жеткізуші, лизинг беруші және субсидия алушы ретінде әрекет еткен бірнеше коммерциялық ұйымды өз бақылауына алған.

Атап айтқанда, "Агрохолдинг Туркестан" және "JMJ-Агро" ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару көлігін сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Ал лизинг беруші ретінде күдікті бақылайтын "АгроПромЛизинг" микроқаржы ұйымы көрсетілген.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат осы ұйымның арнайы шотына аударылған. Алайда тергеу барысында 81 техниканың 37-сі іс жүзінде жеткізілмегені және орнатылмағаны анықталған.

Соған қарамастан, техникалар толық жеткізіліп, міндеттемелер орындалғаны туралы жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген. Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы басқа ұйымдардың шоттарына аударылған.

Осылайша, мемлекетке 1,1 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген. Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, күдікті қамауға алынған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында жоқ малды бар деп көрсетіп, 50 миллион теңгеден астам субсидия алғандар тергеліп жатқанын жазған едік. Тергеу нұсқасы бойынша, "Медина" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны қолды еткен.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 11:39