Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Хуситтер Сауд Арабиясындағы ірі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын мәлімдеді

хуситтер қақтығыс
Фото: Life.ru

Йемендегі хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы Сауд Арабиясының Petro Rabigh мұнай өңдеу кешеніне тікелей соққы жасағанын мәлімдеді. Алайда шабуыл салдарынан келген залал туралы әзірге ақпарат жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Йемендегі хуситтер жексенбі күні Қызыл теңіздің батыс жағалауында орналасқан Сауд Арабиясының Рабиг қаласындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Олар соңғы уақытта Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алып жүр. 

Хуситтер қозғалысының өкілі Рабиг ауданындағы нысанаға тікелей соққы жасалғанын айтты. Алайда шабуылдың сипаты мен келтірілген залал көлемі әзірге белгісіз.

Рабиг қаласында Saudi Aramco мен жапониялық Sumitomo Chemical компаниялары бірлесіп салған ірі Petro Rabigh мұнай өңдеу және мұнай-химия кешені орналасқан. Нысан Жидда қаласынан солтүстікке қарай шамамен 165 шақырым жерде орналасқан. Оның терең су айлақтары арқылы мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі бар.

Кейінгі айларда хуситтер Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына бірнеше рет шабуыл жасағанын мәлімдеді. Олардың қатарында "Шығыс – Батыс" мұнай құбыры, сондай-ақ Джизан мен Рас-Танура қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттары бар.

Сонымен бірге Сауд Арабиясының билігі мұнай өңдеу кәсіпорындарына жасалған шабуылдар туралы ақпаратты растаған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылы хуситтердің астанасы Сана қаласын басып алуынан басталды. 2015 жылы Сауд Арабиясы бастаған коалиция халықаралық деңгейде мойындалған үкіметті қолдап, соғысқа араласты. Алайда он жылдан астам уақыт өтсе де, елдегі жағдай тұрақталған жоқ. Хуситтер Йеменнің солтүстігіндегі бірқатар аумақты бақылауында ұстап отыр. Соңғы уақытта Қызыл теңіз маңындағы шабуылдар мен Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасалған соққылар аймақтағы шиеленісті қайта күшейтті.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 10:49