Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан екі елмен аптасына 14 рейске дейін орындауға келісті

әуе рейс меморандум

Қазақстан Алжир және Иорданиямен әуе қатынасын дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанның Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Дүниежүзілік әуе көлігі конференциясына қатысты.

Конференция аясында Салтанат Томпиева Алжирдің Азаматтық авиация ұлттық агенттігінің бас директоры Хасан Бульфельфельмен меморандумға қол қойды. Құжат екі елдің тағайындалған әуе компанияларына аптасына 14 рейске дейін орындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тараптар екі ел арасында тұрақты әуе қатынасын дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған әуе қатынасы туралы келісім жобасын алдын ала мақұлдады. Кездесу барысында азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары да талқыланды.

әуе рейс меморандум (1)
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Бұдан бөлек, конференцияда Иорданияның Азаматтық авиацияны реттеу жөніндегі комиссиясының өкілдері елдің ұлттық әуе тасымалдаушысы Royal Jordanian әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты рейстер ашуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иорданияның авиациялық билік өкілдері тұрақты әуе рейстерін орындауды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, екі елдің әрқайсысы аптасына 14 рейске дейін орындай алады.

Бұған дейін Korean Air әуе компаниясы Сеул – Алматы бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік. Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі Азаматтық авиация мәселелері жөніндегі вице-министрі Чон Чхе Гёмен кездесуінде талқыланды. Кездесу ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-Дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында өткен. 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 22 Қараша, 2026 18:22