Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Korean Air әуе компаниясы Сеул – Алматы бағыты бойынша рейстер ашпақ

Korean air ұшағы
Фото: koreanair.com

Оңтүстік Кореяның Korean Air әуе компаниясы 2027 жылдың жазында Сеул – Алматы бағыты бойынша тұрақты әуе рейстерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ҚР Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті тараптар мәселеге қатысты талқылау жүргізгенін мәлімдеді. 

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Корея Республикасы Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі Азаматтық авиация мәселелері жөніндегі вице-министрі Чон Чхе Гёмен кездесуінде талқыланды. Кездесу ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-Дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында өткен. 

"Талғат Ластаев әуе компаниясының Қазақстан нарығына шығу ниетін құптады. Оның айтуынша, жаңа әуе тасымалдаушының келуі жолаушылар ағынын арттырып, туристік байланыстарды кеңейтуге және саяхатшылар үшін қосымша мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Сонымен қатар Korean Air компаниясы Сеул – Астана бағытын ашу мүмкіндігін де қарастырып жатқаны атап өтілді", –делінген ақпаратта.

Қазір Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында Астана – Сеул, Алматы – Сеул және Шымкент – Сеул бағыттары бойынша аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады.

Кездесу барысында Талғат Ластаев Қазақстан тарапы құжатқа қол қоюға дайын екенін растады.

Еске салсақ, осыған дейін АҚШ-тың United Airlines әуе компаниясы Қазақстан мен Өзбекстанға ұшақ ұшыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Компанияның бас директоры Скотт Кирби Cheeky Pint подкастында Қазақстанға рейс ашу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.Алайда компания әзірге бұл елдерге тікелей рейс аша алмай отыр. Оған америкалық ұшақтардың Ресейдің әуе кеңістігі арқылы ұша алмауы себеп.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 21:34