АҚШ-тың United Airlines компаниясы Қазақстанға рейстер ашуды жоспарлап отыр
АҚШ-тың United Airlines әуе компаниясы Қазақстан мен Өзбекстанға ұшақ ұшыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Алайда Ресейдің әуе кеңістігін пайдалана алмағандықтан, бұл жоспар әзірге жүзеге аспай тұрғанын айтуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Компанияның бас директоры Скотт Кирби Cheeky Pint подкастында Қазақстанға рейс ашу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, әуе компаниясы қай елдерге ұшақ қатынасын ашуға болатынын үнемі зерттеп отырады. Бұл жұмыспен Патрик Куэйл бастаған арнайы топ айналысатын көрінеді. Олар жаңа бағыттарға жолаушылардың сұранысы қандай болатынын және ұшақ қатынасын ашу қаншалықты тиімді екенін анықтайды. Биыл Патрик Куэйл Қазақстан мен Өзбекстанға да арнайы келген.
Алайда компания әзірге бұл елдерге тікелей рейс аша алмай отыр. Оған америкалық ұшақтардың Ресейдің әуе кеңістігі арқылы ұша алмауы себеп.
"Қазір біз бұл елдерге ұша алмаймыз, өйткені Ресейдің әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен болашақта мұндай бағыттарды ашуға мүмкіндік тууы мүмкін. Патрик пен оның командасы осындай жобаларды зерттеп жүр", – деді Скотт Кирби.
Компания басшысының айтуынша, жаңа бағыттарды таңдағанда тек жолаушылардың қазіргі санына ғана сүйенбейді. Бұрын көпшілік біле бермейтін шағын қалаларға да рейстер ашылып, кейін оларға сұраныс артқан тәжірибелер бар.
United Airlines – АҚШ-тағы ірі әуе компанияларының бірі. Оның ұшақтары Америка, Еуропа және Азияның көптеген елдеріне қатынайды.
Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі бұрыннан талқыланып келеді. 2025 жылғы мамырда екі ел әуе қатынасын дамытуға арналған келісімге қол қойған. Ал 2026 жылғы қыркүйекте АҚШ мамандары Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне бағалау жүргізген.
.
Павлодар облысындағы ауруханада екі әйелдің жатыры алынып, бірі сәбиінен айырылған: Тексеріс заңбұзушылықтарды анықтады
