Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды циркінде акробат өнер көрсетіп жатып бес метр биіктіктен құлап кетті

Актробат цирк

Фото: instagram.com/ekaraganda.kz

Қарағанды циркінде әуе гимнасты өнер көрсету кезінде шамамен бес метр биіктіктен құлап кеткен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ekaraganda порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Куәгерлер түсірген видео Ekaraganda Instagram парақшасында жарияланған. Ал Қарағанды циркінің Instagram парақшасында оқиғаға қатысты әзірге ешқандай ақпарат жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, әртіс сақтандыру құралдарынсыз өнер көрсеткен. Бір сәтте тепе-теңдігін жоғалтып, бес метрге жуық биіктіктен құлаған.

Біраз уақыттан кейін бағдарлама жүргізушісі зардап шеккен әртісті дәрігерлер тексергенін айтты. Оның сөзінше, әртістің жағдайы жақсы, жақын арада жұмысқа қайта кіріседі. Осыдан кейін цирктегі қойылым жалғасқан.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары оқиға салдарының ауыр болуы мүмкін екенін айтып, әртістің денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Сондай-ақ кейбірі оқиғадан кейін қойылымның жалғастырылғанына наразылық танытқан.

Бұған дейін Қонаевтағы мектепте 11 жастағы оқушының баспалдақтан сырғанаймын деп көз жұмғаны туралы жазған едік. Оқиға 16 қарашада сағат 13:18 шамасында, сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Ведомство мәліметінше, оқушы үшінші қабаттағы баспалдақ қоршауымен сырғанап түспек болған. Сол сәтте ол тепе-теңдігін жоғалтып, екінші қабатқа құлаған. Салдарынан басынан ауыр жарақат алған.

Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, бала аса ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Оқушыны емдеуге республикалық, қалалық және облыстық медициналық мекемелердің балалар нейрохирургтері жұмылдырылды. 17 қарашада дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасады.

Алайда дәрігерлердің күш-жігері мен реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша сағат 10:00-де бала қайтыс болды. 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 22 Қараша, 2026 13:31