"Пәтер ақысын төлеп жүрмін, енді үйден үлес ала аламын ба": Көкшетаулық әйелдің сұрағы жұртты таңғалдырды
Көкшетауда пәтер жалдап тұратын әйелдің әлеуметтік желіде қойған сұрағы көпшіліктің назарын аударды. Ол өзі тұрып жатқан үйдің ипотекада екенін біліп, жалдау ақысын төлеп жүргендіктен, сол пәтерден үлес талап ете аламын ба, деп сұраған. Заңгерлер мұндай жағдайда жалға алушының үйге меншік құқығы болмайтынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің жазбасын Aqmolapress өңірлік парақшасының оқырманы жариялаған.
“Көкшетауда пәтер жалдап тұрып жатқаныма екі жыл болды. Жақында өзім тұратын пәтердің ипотекада екенін білдім. Енді бір сұрағым бар: осы пәтерден үлес талап ете аламын ба?”, – деп жазған ол.
Жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды.
Заңгерлердің айтуынша, пәтер ақысын, коммуналдық төлемдерді төлеу немесе үйді жөндеуге ақша жұмсау жалдаушыға баспанаға меншік құқығын бермейді. Бұл мәселе Қазақстан заңнамасында нақты реттелген.
“Пәтер иесінің баспана ақысын қалай төлеп жатқанының жалдаушыға қатысы жоқ. Ол қарызын өтеп қойған ба, әлде әлі төлеп жүр ме – маңызды емес. Пәтер иесі мен оның несие берушілері арасындағы қарым-қатынас жалға алушыға ешқандай құқық бермейді”, – деді заңгер Сергей Уткин.
Демек пәтер иесі ипотеканы өз ақшасымен төлей ме, әлде жалға беруден түскен қаражатты пайдалана ма – одан жалдаушының баспанаға қатысты құқығы өзгермейді.
Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта пәтер жалдаушылар өз құқықтарын көбірек талап ете бастаған. Оған жалға алушыларды үйден шығару тәртібіне қатысты заң талаптары да әсер еткен.
“Кейбір жалға алушылар пәтер ақысын төлемесе де, коммуналдық төлемдерді өтемесе де, үйден шықпай тұруға құқылымыз деп ойлайды. Тіпті осыған сүйеніп, пәтердің бір бөлігін талап етуге болады деп түсінеді. Бірақ бұл – қате пікір”, – деді QAZAQ EXPERT CLUB тәуелсіз сарапшысы Диляра Сейтнұрова.
Ал ипотекадағы пәтерді жалға беруге болады. Алайда бәрі банкпен жасалған келісімшартқа байланысты. Егер онда үйді жалға беру үшін банктің рұқсатын алу қажет деп жазылса, меншік иесі бұл талапты орындауы керек. Әйтпесе, келісімшарт талаптарын бұзған болып саналады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда пәтерді ипотекаға алған тиімді ме, әлде ақша жинап алған тиімді ме деген сауалға жауап жазған едік.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
