Астанада пәтер жалға беремін деп он үш адамды алдаған әйел сотталды
Астананың 37 жастағы тұрғыны пәтер жалға беремін деген желеумен 13 адамды алдап, олардан 2,1 миллион теңге алған. Әйел Қазақстанның бірнеше қаласында жалған хабарландыру жариялап, өзін үй иесі ретінде таныстырған. Бір қызығы, ол бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған. Сот әйелді тағы да кінәлі деп танып, жеті жылға соттады. Алайда кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны орындау мерзімі үш жылға шегерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқ адамдарды қалай алдаған?
Прокуратура мәліметінше, 37 жастағы әйел бұрын да осыған ұқсас қылмыстар жасағаны үшін сотталған. Кейін оған жазасын өтеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім шығарылған.

Соған қарамастан, елорда тұрғыны алаяқтық әрекетін жалғастырған. Ол Қазақстанның әртүрлі қалаларында пәтер жалға беру туралы жалған хабарландыруларды танымал жарнама платформасына орналастырған.
Әйел өзін баспананың иесі ретінде таныстырып, пәтер іздеген адамдардан депозит немесе алдын ала төлем аударуды сұраған. Ақшаны алған соң оны жеке қажеттілігіне жұмсап, клиенттерді алдап кеткен.
Оның әрекетінен аз уақыт ішінде 13 адам зардап шеккен. Жәбірленушілерге жалпы 2,1 миллион теңге шығын келген.
Әйелге қандай жаза тағайындалды?
Сот әйелді екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3 және 4-тармақтары (Алаяқтық) бойынша жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда сотталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны орындау мерзімін үш жылға кейінге қалдырды.
Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.
Пәтер жалға алғанда нені ескеру керек?
Прокуратура тұрғын үйді жалға алу кезінде азаматтарды сақ болуға шақырды. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін бірнеше қарапайым ережені ескерген жөн:
- пәтердің меншік құқығын растайтын құжаттарды тексеру;
- жалға берушінің жеке басын анықтау;
- тұрғын үйді жалдау туралы келісімшарт жасау;
- құжаттар тексеріліп, келісімшарт рәсімделмейінше алдын ала төлем немесе кепілақы аудармау.
Прокуратура өкілдері азаматтарға қаржы аудармас бұрын барлық құжатты мұқият тексеруге кеңес береді. Себебі баспана жалдаудағы асығыстық пен салғырттық алаяқтардың құрбаны болуға әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық ер адам сатып алушыларға жалдамалы пәтерді көрсетіп, 186 миллион теңге жинағаны туралы жазған едік. Бұл жағдай Өскеменде болған. Күдікті тұрғын үйді мемлекеттік бағдарлама арқылы арзан бағамен алып беремін деп, 25 адамды алдаған.
"Табысы жоғары": Қазақстандықтарға жалақысына байланысты жалдамалы баспана беруден бас тартып жатыр