Алматылық тұрғын пәтерді уақытында тапсырмаған құрылыс компаниясынан 10,5 млн теңге өндіріп алды
Алматы тұрғыны пәтерді уақытында тапсырмаған құрылыс компаниясынан 10,5 миллион теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылы қала тұрғыны құрылыс салушымен пәтер, коммерциялық үй-жай және автотұрақ орнын сатып алу жөнінде үш алдын ала шарт жасаған. Сатып алушы нысандардың ақысын толық төлеген.
Шарт бойынша құрылыс компаниясы нысанды аяқтап, негізгі сатып алу-сату құжаттарын 2023 жылдың соңына дейін рәсімдеуге тиіс болған. Алайда тұрғын үй кешені тек 2024 жылғы қазанда пайдалануға берілген. Қабылдау-тапсыру актілеріне 2025 жылғы қаңтарда қол қойылса, негізгі шарттар наурыз айында ғана жасалған.
Осыған байланысты сатып алушы сотқа жүгініп, құрылыстың кешіккені және шарт талаптарының уақытында орындалмағаны үшін айыппұл өндіруді талап еткен.

Алғашқы және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырмаған. Алайда Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот бұл шешімдермен келіспеді.
Кассациялық сот негізгі шарттың кейін жасалуы құрылыс компаниясын бұған дейінгі кешігуі үшін жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Сатып алушы өз міндеттемесін толық және уақытында орындаған, ал құрылыс салушы белгіленген мерзімді бұзған.
Шартта мұндай жағдай үшін құрылыс компаниясының жауапкершілігі нақты көрсетілген:
- кешіктірілген әр күнге жылжымайтын мүлік құнының 0,1%-ы көлемінде, бірақ жалпы соманың 10%-ынан аспайтын тұрақсыздық айыбы есептелуге тиіс.
Нәтижесінде кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін жойып, құрылыс компаниясынан сатып алушының пайдасына 10,5 миллион теңге өндіріп алу туралы жаңа шешім шығарды.
Қазақстанға 12 жылдық мектеп керек пе: Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқу мерзімі қысқарса, не өзгереді