Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатып, алаяқтық жасаған төрт адам сотталды
Астанада "International Invest Company IIC" ЖШС-нің төрт қызметкері Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, Еелордада Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде алаяқтық жасау ісі бойынша сот үкімі шықты. Сот "International Invest Company IIC" ЖШС-нің төрт қызметкерін кінәлі деп танып, оларды 8 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Тергеу барысында сотталғандардың сатып алу-сату шарттарының орнына сатып алушылармен броньдау туралы шарттар, кепілақы туралы келісімдер және алдын ала шарттар жасасқаны анықталды. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға жылжымайтын мүлікке меншік құқығын бермеген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сату кеңсесінде әлеуетті сатып алушыларға ЖШС атынан компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына құқығын растауы тиіс макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар ұсынылған.
"Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алу ұсынылған. Бұл ретте оларға мәмілелердің толық заңды екені айтылған. Жәбірленушілер ақшаны қолма-қол да, қолма-қол ақшасыз жолмен де схемаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған. Ал "International Invest Company IIC" ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген", – делінген ақпаратта.
Бұдан бөлек, агенттіктің хабарлауынша, сотталғандар құрылыс компаниясының қаражатын жымқыруға байланысты басқа да схеманы пайдаланған. Олар "International Invest Company IIC" ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасасып, нысандарға меншік құқығын тіркеген. Алайда сатып алушылардан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.
Сот 35 жәбірленушінің 2,2 миллиард теңгеден астам сомадағы талап-арыздарын қанағаттандырды. Ал "International Invest Company" ЖШС-нің пайдасына 3,9 миллиард теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал сатып алушыларға берілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды