Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімдігі автобус парктеріне 15 миллиард теңгеден астам қарыз: Автобустар қысқара ма

автобус кептелісі
Фото: Stan.kz

 

Алматыда автобус парктеріне 15 миллиард теңгеден асатын субсидия қарызы жиналғаны айтылды. Тасымалдаушылар автобустар санын қысқартатынын ескертсе, қала билігі берешекті өтеу мәселесі бюджетті нақтылау кезінде қаралатынын мәлімдеді. Ал жолаушылар лық толы автобустарға сыймай, жолақы төлемегендер үшін кінәлі болып отыр ма? Stan.kz осы мәселені зерттеп, тасымалдаушылардың уәжін, тұрғындардың пікірін және әкімдіктің жауабын білді.

"15 миллиард теңге берешегі бар"

k_s_m9999 аккаунтының авторы Алматыдағы көлік басқармасының автобустардың 61%-дық толымдылығы туралы мәлімдемесін сынға алып, жолаушыларды жолақы төлемегені үшін кінәлауға наразылық білдірді.

Оның айтуынша, әкімдіктің автобус парктеріне субсидия бойынша берешегі 15 миллиард теңгеден асқан. Автор бұл қаражаттың уақытылы аударылмауы тасымалдаушылардың жанармай мен қосалқы бөлшектер сатып алуына кедергі келтіріп отырғанын жазды. Сондай-ақ тасымалдаушылар 2 қарашадан бастап автобустар санын қысқартуға мәжбүр болатынын ескерткенін атап өтті.

"Яғни ертеңнен бастап бағыттарға бұдан да аз автобус шығады. Ал біз автобустың ішінде сығылысып жүруге мәжбүрміз. Мен күн сайын жолақы төлеп, жұмысқа әбден қалжырап жетемін. Ал шенеуніктер автобус парктеріне миллиардтаған теңге төлемей отырып, автобустың лық толы екені бізге тек көзге солай көрінеді дегендей мәлімдеме жасайды. Бізді адам құрлы көрмей ме?" – деп жазды ол.

Жазба авторы Алматы бюджеті 1,5 триллион теңге екенін алға тартып, 15 миллиард теңге берешекті өтеуге мүмкіндік бар деп санайды. Оның пікірінше, әкімдік тұрғындардың қоғамдық көліктегі күнделікті мәселесін шешудің орнына, жауапкершілікті жолаушыларға артып отыр.

Сондай-ақ ол автобус парктеріне бөлінген субсидиялардың қайда жұмсалғанын анықтау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті тексеру жүргізуге шақырды.

"Шенеуніктерге бюджет субсидияларының қайда кеткенін түсіндіріп, мәселені мойындағаннан гөрі, автобустардың толып жүргені бізге тек солай көрінеді деп, жолаушыларды жолақы төлемеді деп кінәлау оңай", – деп түйіндеді Threads қолданушысы.

Қоғамдық көлік иелері қандай уәж айтты?

Осыған байланысты оқырман Алматыдағы қоғамдық көлік мәселесіне қатысты жазба жариялап, автобус тасымалдаушыларының қала әкіміне жолдаған ресми хатын бөлісті.

Алматы қаласының жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы қала әкімі Дархан Сатыбалдыға ресми хат жолдап, автобус парктеріне субсидия төлеудің кешіктірілуіне байланысты мәселе көтерген. "№2 автобус паркі", "АвтоАлма-Транс" және "Тулпар ЦДС" ЖШС атынан жолданған хатта әкімдіктен тасымалдаушылар алдындағы берешекті толық өтеу және алдағы уақытта субсидияларды уақытылы аудару сұралған.

"Халыққа көрсетілетін көлік қызметінің қысқаруына жол бермеу мақсатында субсидиялар бойынша қалыптасқан берешекті 2026 жылғы 31 қазанға дейін толық өтеу және алдағы уақытта қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауыңызды сұраймыз", – делінген тасымалдаушылардың өтінішінде.
автобус өтініш
Фото: threads.com желісінен
қоғамдық көлік иелері
Фото: threads.com желісінен

Тасымалдаушылар субсидияның кешіктірілуі салдарынан жанармай, қосалқы бөлшектер мен басқа да қажетті материалдарды жеткізушілер алдында қарыз көбейгенін мәлімдеген. Олардың сөзінше, бұл жағдай автобустардың жоспарланған көлемде желіге шығуына кедергі келтіруі мүмкін.

"Берешектің одан әрі өсуі жанармай, қосалқы бөлшектер және басқа да қажетті ресурстар жеткізілімінің тоқтап қалуына нақты қауіп төндіреді", – деп арызданды тасымалдаушылар.

Хатта тасымалдаушылар қаржылық жағдайға байланысты автобустар санын қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін екенін де ескерткен. Егер әкімдік 31 қазанға дейін берешекті өтемесе, 2 қарашадан бастап қалаішілік және қала маңындағы бағыттарға шығатын автобустар санын жоспарланған көлемнің 30%-ына дейін қысқартатынын хабарлаған.

"2026 жылғы 2 қарашадан бастап автобус тасымалдаушылары қалаішілік және қала маңындағы бағыттарға шығатын автобустар санын белгіленген жоспарлы көлемнің 30 %-ына дейін қысқартуға мәжбүр болады", – деп қоғамдық көлік өкілдері өз уәждерін жеткізді.

Алматыда тасымалдаушыларға субсидия қашан төленетіні белгілі болды

Алматыда қоғамдық көлік тасымалдаушыларына субсидияның қалған бөлігі әлі төленген жоқ. Бұған дейін кондукторларды қайта енгізу мәселесі талқыланып, тасымалдаушылардың қаржылық жағдайы да қоғам назарын аударған еді.

Осыған байланысты редакция қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасынан түсініктеме сұрады. Басқарманың мәліметінше, тасымалдаушыларға субсидияның қалған сомасын төлеуден бас тарту туралы шешім жоқ. Алайда қаражатты төлеу мәселесі қалалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде қаралмақ.

"Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы тасымалдаушыларға субсидиялардың қалған сомасын төлеуден бас тартпайды. Бұл мәселе қалалық бюджетті кезекті нақтылау барысында қаралатын болады", – деп хабарлады ведомство.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында қоғамдық көлікті субсидиялау көлемі кезең-кезеңімен оңтайландырылып келеді. Атап айтқанда, жолаушылар ағынына қарай кейбір автобус бағыттарының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізілген.

автобустар
Фото: Stan.kz

Сонымен қатар жыл бойы тасымалдаушылармен есеп айырысу бұрынғы және түзетілген қаржыландыру көлемдерін ескере отырып жүргізілген. Қазір басқарма маршруттық желіге, автобустардың толымдылығына және жолаушылар ағынына талдау жасап жатыр. Бұдан бөлек, жолақы төлемін арттыру және жолаушылар есебін нақтылау үшін бірыңғай бақылау-сызықтық қызметті енгізу жұмыстары қолға алынған. Ведомство тасымалдаушыларға автобустарды бекітілген жоспарға сәйкес бағыттарға толық шығаруды қамтамасыз ету қажеттігі туралы ескерту жіберілгенін де атап өтті.

"Автобусқа сыймаймыз"

Желі қолданушылары қоғамдық көлік мәселесіне наразылықтарын білдіруде. Олардың бірі автобустардың лық толы жүруін тек жолаушылардың төлем жасамауымен байланыстыру дұрыс емес деп санайды.

"Адам саны екі есе аз болған кезде де, автобустарда кондуктор жүргенде де кептеліс болатын. Қарбалас уақытта автобустың ішінде қол көтерудің өзі мүмкін емес. Оның үстіне, кейде бір аялдамада бес автобус қатар тұрады да, бағытта біреуі ғана жүреді. Бұған да тұрғындар кінәлі ме?" – деп жазды алматылық тұрғын.

Ал тағы басқасы бұрынғы кондукторлардың жұмысын еске алып, олардың автобус іші лық толы болса да, жолаушыларға билет беріп үлгеретінін айтты.

"Бұрынғы кондукторлар автобус қатты толып тұрса да, барлығына билет беретін. Қазір автобустар мен троллейбустар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жүйелі қатынайды деуге болады. 2013 жылды еске түсіріңіздерші: кешкі сағат сегізде автобусқа міну мүмкін болмайтын. Жүргізушілер жоспарларын орындаған соң, бағыттан шығып кететін, қозғалыс кестесі де сақталмайтын", – деп жазды ол.

"Кондукторларды қайтару мәселені шешпейді"

Ал кейбір қолданушылар кондукторларды қайтару қоғамдық көлік мәселесін шешпейтінін, керісінше, қосымша шығынға әкелетінін айтып, жүйені түбегейлі өзгертуді ұсынды.

Тағы бір оқырман Алматыда қоғамдық көліктерге кондукторларды қайта енгізу бастамасын сынға алды. Оның пікірінше, мәселені шешудің орнына жүйені кері қадамға сүйрейтін шешім. Автор қоғамдық көліктегі негізгі мәселе жолаушылардың жолақысын төлемеуінде емес, көлік жүйесінің дұрыс ұйымдастырылмауында екенін айтады.

кондукторлар
Фото: threads.com/@840711d

Қолданушының сөзінше, кондукторлардың жалақысын төлеуге бюджеттен қаржы бөлу тиімсіз. Өйткені әрбір жолаушыны жеке бақылау мүмкін емес. Оның орнына Еуропаның бірқатар еліндегідей айлық және жылдық жол жүру абонементтерін кеңінен енгізу қажет. Яғни ұзақ мерзімді абонементтің құны тиімді, ал бір реттік жолақы бағасы салыстырмалы түрде қымбат болуы керек. Сонда жолаушылар әр сапар сайын билет сатып алғаннан гөрі, шектеусіз жол жүруге мүмкіндік беретін абонемент алғанды жөн көреді.

Автордың пікірінше, мұндай жүйе қала бюджетіне де тиімді. Себебі жолаушылар абонементті алдын ала сатып алып, қоғамдық көлік кәсіпорындары ұзақ мерзімге тұрақты кіріске ие болады. Сонымен қатар ол автобустар арасында 60-90 минут ішінде тегін ауысып міну мүмкіндігін енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, жолаушылар бір бағыттағы сапары үшін бірнеше рет ақы төлеуге мәжбүр болмауы керек.

Ал жолақысын төлемейтін жолаушылармен күресу үшін кондукторлардың орнына арнайы бақылаушылар жұмыс істеуі қажет. Олар қоғамдық көліктерде тұрақты әрі күтпеген уақытта тексеріс жүргізіп, жолақысын төлемегендерге қатаң айыппұл салуы тиіс.

автобус ақшасы
Фото: threads.com/@ruslan_in_italia

Автордың пайымдауынша, барлық жолаушыны тексерудің қажеті жоқ, жолаушылар ағынының 5%-ын кездейсоқ тексерудің өзі жеткілікті болуы мүмкін.

"Жүйе адамдарға қолайлы болмайынша, кондукторлардың ешқайсысы қоғамдық көлікті тығырықтан алып шыға алмайды. Жолаушыларды кінәлай бермей, жүйенің өзін өзгерту керек", – деп түйіндеді қолданушы.
Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 17:42