"Орысша амандаспады": Ресейлік блогер Димаш Құдайбергенге ренішін білдірді
Ресейлік блогер Роман Зубенко Германияда өткен концертінде көрермендермен орыс тілінде амандаспағаны үшін Димаш Құдайбергенді сынға алды. Оның айтуынша, әнші кеш барысында орыс тілінде небәрі бір ән орындаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер Германияның Дюссельдорф қаласында өткен Димаштың концертіне отбасымен бірге барған. Ол әншінің дауыс мүмкіндігіне, сахнадағы өнеріне және концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тәнті болғанын жасырмады. Алайда әндердің қай тілде орындалғаны көңілінен шықпаған.
Роман Зубенконың сөзінше, концертке келген көрермендердің басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтіндер болған. Сондықтан ол Димашты орысша әндерді көбірек орындайды деп күткен.
“Ол мұндағы көрермендердің орыс тілді екенін білді ғой. Қазақша амандасты ма, жоқ па, білмеймін. Меніңше, концертін тек ағылшын тілінде бастады. Қазақша амандасқанына сенімді емеспін, бірақ орысша ешкіммен амандаспағаны анық. Амандасуына болар еді ғой”, – деді блогер.

Роман Зубенко мұны көрерменге деген құрметтің жеткіліксіздігі деп бағалаған. Тіпті концертте орыс тілінде бір ғана ән орындалатынын алдын ала білген кейбір тыңдарман билет сатып алудан бас тартуы мүмкін екенін айтты.

Алайда блогердің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік Димаштың әлемдік деңгейдегі әнші екенін, оның бір концертте бірнеше тілде ән шырқайтынын алға тартып, өнер иесін қорғап шықты.
“Димаштың әлемдік жұлдыз екенін өзіңіз де мойындадыңыз. Әлемге танымал көптеген әнші тек ана тілінде ән айтады. Мысалы, жақында Дженнифер Лопес Қазақстанға келді. Бірақ бірде-бір әнін орысша да, қазақша да орындаған жоқ. Ешкім ренжіген жоқ қой. Ал Димаш бір концертінде алтыдан астам тілде ән шырқайды. Бұл оның барша тыңдарманына деген құрметі емес пе?” – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір тыңдарман Димаштың концерттік бағдарламасы әлемдік тур аясында арнайы дайындалғанын еске салды.
“Бұл көрерменнің тапсырысы бойынша ән айтатын концерт емес. Әнші әлемдік турына арнап тың бағдарлама әзірледі. Оған қаншама еңбек сіңірілді, жаңа авторлық әндер жазылды. Өнер бір орында тұрмайды, үнемі дамып отырады”, – деді ол.
Дегенмен Роман Зубенко концерттен алған әсері жақсы болғанын да атап өтті. Ол Димашты ерекше дауыс иесі деп бағалап, мұндай деңгейдегі концерт үшін билет құны үш есе қымбат болса да, ақшасын аямауға болатынын жеткізді.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген қазір DIMENSIONS атты әлемдік турнесін жалғастырып жатыр. Dimash News мәліметінше, бұл жоба арқылы көрерменге оның әншілік қырымен қатар композиторлық, продюсерлік қабілеті мен шығармашылық жолын кеңінен таныстыру көзделген.
Алматы әкімдігі автобус парктеріне 15 миллиард теңгеден астам қарыз: Автобустар қысқара ма