Қазақстанда шетелге шығуға арналған құжаттарды рәсімдеу тәртібі өзгерді
Қазақстанда шетелге шығуға арналған жол жүру құжатын рәсімдейтін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жаңа талап енгізілді. Енді өтініште қате анықталса немесе құжаттар толық болмаса, оларды түзетуге екі жұмыс күні беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрінің бұйрығына енгізілген өзгерістер 23 қарашадан бастап күшіне енді.
Жаңа талап "Жол жүру құжатын беру" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына қатысты. Аталған құжат Қазақстаннан тыс жерлерге шығу үшін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Бұған дейін өтініштегі кемшіліктерді түзету үшін нақты мерзім белгіленбеген еді. Қолданыстағы ережеде өтініш берушіге жалпы қызмет көрсету мерзімінен аспайтын "ақылға қонымды уақыт" берілетіні көрсетілген. Енді бұл мерзім нақты екі жұмыс күні болып бекітілді.
Егер өтініш беруші көрсетілген уақыт ішінде кемшіліктерді жоймаса, оған құжат беруден бас тартылады. Сондай-ақ ұсынылған құжаттардағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе немесе белгіленген талаптарға сай болмаса, өтініш қабылданбауы мүмкін.
Құжатты рәсімдеу мерзімі мен төлем өзгерген жоқ
Жол жүру құжатын рәсімдеудің жалпы мерзімі бұрынғыдай 17 жұмыс күнін құрайды. Құжаттарды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қабылдайды, ал дайын құжатты полицияның аумақтық бөлімшелері береді.
Мемлекеттік қызмет үшін 8 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде төлем қарастырылған. 2026 жылы қызмет құны – 34 600 теңге.
Мемлекеттік корпорация бөлімшелерінде құжат тапсыру үшін кезек күту уақыты 15 минуттан, ал өтініш берушіге қызмет көрсету уақыты 30 минуттан аспауға тиіс.

Қандай құжаттар қажет?
Жол жүру құжатын алу үшін өтініш беруші төмендегі құжаттардың бірін ұсынуы керек:
-
16 жасқа толмаған босқындарға – туу туралы куәлік;
- азаматтығы жоқ адамдарға – азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
- шетел азаматтарына – шетелдік паспорт немесе босқын куәлігі. Бұл ретте босқын мәртебесінің өтініш берілген күніне кемінде үш ай қолданыста болуы қажет.
Егер жол жүру құжаты жоғалған болса, өтініш беруші оның жоғалу жағдайларын түсіндіретін жазбаша өтініш тапсыруы керек. Ал жеке деректер немесе жынысы өзгерген жағдайда, өтініштің негізділігін растайтын құжат қажет.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді шетелдіктер ЖСН-ді бір күнде онлайн ала алатыны туралы жазған едік.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады