"Ұлым ұзақ жыл бойы ем қабылдады": Бакуде әпкесін өлтірді деген күдікке ілінген жігіттің әкесі мәлімдеме жасады
Әзербайжанның Баку қаласында 23 жастағы суретші Гүляра Мехдиеваның өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Қылмыс жасады деген күдікке ілінген 18 жастағы інісі Айхан Мехдиеваның әкесі алғаш рет сұхбат беріп, ұлының бірнеше жылдан бері психикалық денсаулығына байланысты ем қабылдап жүргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 16 қарашада Бакудің Бинагади ауданында болған. Тергеу мәліметінше, 23 жастағы суретші Гүляра Мехдиева өз үйінде пышақ жарақатынан көз жұмған. Қылмысқа күдікті ретінде оның әкесі бір, анасы бөлек 18 жастағы інісі Айхан ұсталған.
Oxu.Az басылымына сұхбат берген Ага Мехдиев ұлының психикалық денсаулығына байланысты мәселелер бұрыннан бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, Айхан бірнеше жылдан бері дәрігерлердің бақылауында болып, мезгіл-мезгіл ем қабылдаған. 2022 жылы жүргізілген емнен кейін жағдайы айтарлықтай жақсарған.
Алайда 2025 жылы жасөспірім қайтадан мамандардың көмегіне жүгінген. Алдымен Монтино ауданындағы Психикалық денсаулық орталығында профессор Надир Исмайыловтың бақылауында болып, кейін Самира есімді дәрігерден ем алған. Әкесінің сөзінше, кейінгі айларда ұлының жағдайы қайта нашарлаған. Әсіресе кейінгі екі айда Айхан түнде ұйықтай алмай қиналған көрінеді.
Бұл уақытта отбасы тағы бір ауыр сынақты бастан өткеріп жатқан. Ага Мехдиевтің 16 жастағы басқа ұлына онкологиялық ауру диагнозы қойылып, ол Түркияда ем қабылдап жүрген. Жасөспірім тоғыз рет химиотерапиядан өткен. Осыған байланысты әкесі айдың көп бөлігін Анкарада өткізуге мәжбүр болыпты.
“Ұлымның жағдайы нашарлаған кезде емдеуші дәрігерімен байланысуға тырыстым. Бірақ ол демалыста болды. Кейін қайта қаралуға мүмкіндік болмады. Анасы ұйықтататын дәрі беріп, жағдайы жақсарғанын айтып жүрді”, – деді әкесі.
Ага Мехдиев ауыр науқасқа шалдыққан кіші ұлының емін ұйымдастырумен жүріп, Айханның денсаулығына жеткілікті көңіл бөле алмағаны үшін өзін кінәлайтынын жасырмады.
“Әке, менімен бірге үйге қайтасың ба?”
Ага Мехдиев тергеу кезінде қамауда отырған ұлымен кездескенін де айтты. Оның сөзінше, Айхан әлі күнге дейін айналасында не болып жатқанын толық түсінбейтіндей көрінген.
Кездесу барысында әкесі ұлынан кімді көргісі келетінін сұраған. Алайда Айхан сұрақтарға жауап бермей, үнсіз отырған. Әкесі кетуге жиналған сәтте ғана жас жігіт одан бірге үйге қайтатынын сұраған. Ага Мехдиевтің айтуынша, бұл кездесу отбасы үшін өте ауыр болған.
Әкесі бауырлардың қарым-қатынасы туралы айтты
Күдіктінің әкесі отбасында әртүрлі некеден туған балаларға ешқашан бөле-жара қарамағанын жеткізді. Оның сөзінше, Айхан мен Гүляраның қарым-қатынасы жақсы болған. Екеуінің арасында бұрын елеулі жанжал байқалмаған.
Әкесі ұлы ауруханада жатқан кезде Гүляра екеуі оны гүл алып қарсы алуға барған сәтін де еске алды. Сондай-ақ ол қайғылы оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде түрлі болжам таратып жүрген адамдарға үндеу жасады.
“Жығылғанға жұдырық болмау керек”, – деді Ага Мехдиев.
Оның айтуынша, отбасы онсыз да орны толмас қайғыны бастан өткеріп жатыр. Сондықтан оқиғаның мән-жайы толық анықталмай тұрып, негізсіз айыптаулар мен болжамдар таратпауды сұрады.
Әкесі марқұм қызының сурет салуға ерекше қызығушылық танытқанын да айтты. Гүляра өмірінің көп бөлігін шығармашылыққа арнаған. Қазір үйінде оның аяқталмай қалған картиналары сақтаулы.
Қайғылы оқиға қалай болған?
Еске салайық, 16 қарашада Бакудің 9-шағынауданындағы Гамза Бабашов көшесінде орналасқан пәтерде 23 жастағы суретші Гүляра Мехдиева қаза тапты.
Алдын ала тергеу мәліметінше, ата-анасы үйде болмаған уақытта Гүляра мен оның 18 жастағы інісі арасында жанжал туындаған. Сол кезде жас жігіт әпкесінің жүрегі мен тамағы тұсына үш рет пышақ сұққан деген күдікке ілінген. Алған жарақаттарының салдарынан бойжеткен көз жұмған.
Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары күдіктінің алғашқы жауаптарына сүйеніп, жанжалға қыздың әлеуметтік желідегі белсенділігі мен суреттеріне жазылған пікірлер себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған. Алайда әкесінің жаңа мәлімдемесінен кейін күдіктінің денсаулығына қатысты жайттар да көпшіліктің назарын аударды.
Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Сарапшылар оқиғаның барлық мән-жайын, соның ішінде күдіктінің қылмыс болған кездегі психикалық жағдайын анықтауға тиіс.
Айта кетейік, әкесінің ұлының денсаулығына қатысты мәлімдемелері әзірге сот-медициналық сараптаманың қорытындысы емес. Күдіктінің психикалық жағдайына құқықтық бағаны тергеу мен сот береді.
Қазақстандық әйел дүкеннен сатып алған шырынның орнына дәрет құйылғанын айтып, шағымданды
