Оқу ма, саяхат па? Түркістан облысының медицина ұйымдары Нью-Йоркке баруға 116,8 млн теңге жұмсамақ
Түркістан облысындағы 16 медициналық ұйым АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтетін бір апталық оқыту бағдарламасына қатысу үшін жалпы сомасы 116,8 миллион теңгеге келісімшарт жасасқаны туралы ақпарат тарады. Жазба Yuliya Blazhnova-Rekukha есімді қолданушының желідегі парақшасында жарияланды. Оның мәліметінше, әр медициналық ұйым аталған қызмет үшін 7,3 миллион теңгеден төлеуге келіскен. Алайда автор келісімшарттардың жасалу тәртібі мен оқыту бағдарламасының мазмұнына қатысты бірқатар күмәнді жайттар туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желідегі жазба авторының айтуынша, Түркістан облысындағы 16 денсаулық сақтау ұйымы "Skills Development Group" жеке кәсіпкерлігімен АҚШ-тағы бір апталық оқыту қызметін ұйымдастыру жөнінде келісімшарт жасаған. Әр келісімшарттың құны – 7,3 миллион теңге. Осылайша, 16 медициналық ұйым бойынша жалпы сома – 116 миллион 800 мың теңге болған.
Кәсіпкерлік туралы ақпаратты іздеп көргенде ұйым жайлы бірқатар ақпарат өшіп кеткен.

Жазбада қызмет көрсетуші ретінде "Skills Development Group" жеке кәсіпкерлігі көрсетілген. Ашық дереккөздердегі мәліметтерді келтірген автор кәсіпкерліктің 2026 жылғы 14 қазанда тіркелгенін және оның иесі Раушан Есмурзаева екенін жазды.
Келісімшарт пен кәсіпкерліктің тіркелу уақытында сәйкессіздік бар ма?
Желі қолданушысының назарын аударған негізгі жайттардың бірі – жеке кәсіпкерліктің тіркелген уақыты мен мемлекеттік сатып алу порталында алғашқы келісімшарттың жасалған уақыты арасындағы айырмашылық. Автор келтірген мәлімет бойынша, "Skills Development Group" ЖК 2026 жылғы 14 қазанда сағат 17:38-де тіркелген. Ал мемлекеттік сатып алу порталында аталған кәсіпкерлікпен жасалған алғашқы келісімшарт сол күні сағат 17:30:57-де құрылған.

Бұл келісімшарт Кентау қалалық емханасымен жасалған. Жазбада медициналық ұйымның басшысы ретінде Ғани Мырзабеков көрсетілген.
Осылайша, автордың мәліметінше, келісімшарт жеке кәсіпкерлік ресми тіркелгенге дейін шамамен 7 минут бұрын жасалған. Ол бұл жағдайға назар аударып, мемлекеттік сатып алу рәсімінің заңдылығына қатысты сұрақ көтерген.
40 сағаттық оқыту бағдарламасының нақты мазмұны көрсетілмеген
Автор келісімшарттарға тіркелген құжаттарда АҚШ-тағы оқыту бағдарламасының толық жоспары жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, қосымшада тек бағдарламаның ұзақтығы 40 сағат екені, қатысушылардың үш жұлдызды қонақүйге орналастырылатыны және оқытудың Нью-Йорк қаласында өтетіні көрсетілген. Қызмет көрсету мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленген.
Алайда бағдарлама аясында қандай тақырыптар қамтылатыны, сабақтарды кімдер өткізетіні, қатысушылар қандай медициналық мекемелердің жұмысымен танысатыны және сапардың нақты мақсаты қандай екені туралы толық ақпарат берілмеген. Автордың пікірінше, мұндай қымбат оқыту бағдарламасының мазмұны мен сапасына қатысты сұрақтардың тууы заңдылық.
Жазба авторының айтуынша, ол 20 жыл бойы оқыту бағдарламаларының сапасымен айналысып келеді және бір апталық осындай қызметтің құнын 3 миллион теңгеден асырмай белгілеуге болады.
Ал Түркістан облысындағы медициналық ұйымдар дәл осындай мерзімдегі оқыту қызметі үшін әрқайсысы 7,3 миллион теңгеден төлеуге келіскен.
Автор бұл жағдайды сынға алып, мемлекеттік қаражаттың осылай жұмсалуына қатысты алаңдаушылық білдірген. Оның сөзінше, қаражатты төлеу процесі басталған.
Осыған қатысты Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына сұрау салдық. Басқарманың мәліметінше, оқыту сапарын Денсаулық сақтау басқармасы емес, медициналық ұйымдардың басшылары өздері ұйымдастырған.
“Аталған оқытуды Басқарма тікелей ұйымдастырмаған. Медициналық ұйымдардың басшылары білім беру қызметтерін жеткізушілерді өз бетінше айқындап, тиісті оқыту қызметтерін көрсету жөнінде шарттар жасасқан. Қазір басқарма тарапынан Америка Құрама Штаттарында жоспарланған оқытуға қатысты құжаттар жан-жақты зерделеу және олардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында сұратылды. Заңнама талаптарының бұзылу фактілері анықталған жағдайда, Басқарма өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды”, – деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ басқарма өкілдері қазір оқытуды одан әрі жүзеге асыру немесе тоқтата тұру мәселесі қаралып жатқанын атап өтті.
Бұған дейін мемлекеттік органдар бюджет қаржысын енді өз қалауынша жұмсай алатыны туралы жазған едік. Блоктық қаржыландырудың пилоттық жобасы – бюджеттік қаражатты қалыптастыру мен пайдаланудың ерекше тәсілі. Жобаның қаулысы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
Бұл мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктерге дербестік беретін бюджет басқарудың икемді жүйесі. Оның негізгі қағидаттары мыналар:
-
Үш жылға алдын ала бекітілген бюджеттік лимиттер белгіленеді;
-
Мемлекеттік органдар бөлінген қаражатты қалай жұмсау керектігін өздері шешеді, бастысы – жалпы лимит шегінде қалу.
Жоба әзірлеушілерінің ойынша, блоктық қаржыландыру басшылардың нәтижеге және қаражатты тиімді пайдалануда жауапкершілігін арттырады.
Оқу ма, саяхат па? Түркістан облысының медицина ұйымдары Нью-Йоркке баруға 116,8 млн теңге жұмсамақ
