Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет Қазақстанның жаңа жерсерігін жасауға 10 миллиард теңгеден астам ақша жұмсамақ

KazSat
Фото: TMO

Үкімет резервінен KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасын жүзеге асыруға 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба ұлттық спутниктік байланыс жүйесі мен телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Ол KazSat-3 аппаратын алмастырады екен. Өйткені KazSat-3-тің жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа аппарат ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

“Жобаны жүзеге асыру спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды”, – делінген хабарламада.

Қазір KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Жүйе арқылы телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтері көрсетіледі. Жүйеге 19 байланыс операторы қосылған және телехабар тарату қызметін 2 миллионнан астам абонент пайдаланады.

Министрліктің мәлімдеуінше, KazSat-3R байланыс спутнигі Қазақстанның ғарыш саласының одан әрі дамуына және оның технологиялық әлеуетінің артуына ықпал етеді.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 08:41