Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда отшашу мен петарда атуға тыйым салынады: Қанша айыппұл салынады

отшашу атқандар
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Алматы тұрғындарына қоғамдық орындарда отшашу мен петарда қолданғаны үшін жауапкершілік бар екені ескертілді. Ережені бұзғандарға 86,5 мың теңгеден 129,7 мың теңгеге дейін айыппұл салынып, пиротехникалық заттары тәркіленуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғындарына қоғамдық тыныштық пен тәртіпті бұзатын орындарда отшашу мен петарда қолданғаны үшін айыппұл салынатыны ескертілді.

Eco Almaty ЖШС мәліметінше, пиротехниканы белгіленбеген орындарда қолданғаны үшін Қазақстанның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 436-бабына (Пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолдану) сәйкес жауапкершілік көзделген.

Алғаш рет тәртіп бұзғандарға 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге), ал қайталанған жағдайда 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Eco Almaty өкілдері бұл айыппұлдар ауаны ластағаны үшін емес, пиротехниканы пайдалану ережелерін бұзғаны үшін салынатынын нақтылады. Дегенмен отшашу кезінде ауаға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер таралады. Әсіресе желсіз күндері олардың атмосферада таралуы қиындайды.

Сонымен қатар 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматыда қосымша экологиялық шектеулер енгізілуге тиіс. Атап айтқанда, шығарындылары төмен аймақта (LEZ) азаматтық пиротехниканы қолдануға тыйым салынады.

Алайда шектеу автоматты түрде бүкіл қала аумағына қолданылмайды. Экологиялық аймақтың нақты шекарасын әкімдік жеке қаулымен бекітуі керек.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда түнгі уақытта тыныштықты бұзып, пиротехника қолданатындарға қатысты жауапкершілік күшейтілетіні айтылған. Полицияның мәліметінше, жұмыс күндері сағат 22:00-ден кейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға болмайды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 14:54