Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2027 жылдан бастап Алматыда отшашу атуға тыйым салынады

Қаладағы отшашу
Фото: depositphotos.com

Алматылықтарға 2027 жылдан бастап қаланың бір бөлігінде отшашу атуға тыйым салынатыны ескертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әкімдік мәліметінше, 2027 жылдың 8 қаңтарынан бастап Алматыдағы төмен шығарындылар аймағында (LEZ) атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық талап күшіне енеді. Солардың бірі азаматтық пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салу. 

“Жаңа талап Алматы қаласының Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында қарастырылған. Құжаттың 51-тармағына сәйкес, төмен шығарындылар аймағында азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданатын бұйымдарды қолдануға тыйым салынады. Бұл шектеу тұрғындар еркін сатып ала алатын петарда, отшашу, салют және басқа да пиротехникалық өнімдерге қатысты болады”, – делінген хабарламада.

Әкімдік бұл норма Алматының барлық аумағында бірден қолданылмайтынын айтты.

Шектеу тек төмен шығарындылар аймағының шекарасы белгіленгеннен кейін сол аумақта күшіне енеді.

“LEZ шекарасы Алматы әкімдігінің жеке қаулысымен бекітіледі. Қаулы қабылданып, аймақтың нақты шекарасы белгіленген соң пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қойылатын талап сол аумақта қолданылады. Осылайша, 2027 жылы 8 қаңтардан бастап Қағидалардың тиісті нормасы күшіне енеді, ал оның нақты қолданылуы төмен шығарындылар аймағының шекарасы бекітілуіне байланысты болады”, – делінген ақпаратта. 

Бұдан бөлек, ауа сапасын жақсартуға бағытталған басқа да экологиялық шаралар қарастырылған. Олар автокөліктерге, қатты және сұйық отынды пайдалануға, сондай-ақ кейбір нысандар мен шығарындылар көздеріне қойылатын талаптарды қамтиды. 

Еске салсақ, Алматыда төмен шығарындылар аймағына кірген көлік жүргізушілеріне хабарлама жіберілетіні туралы жазғанбыз. 

Төмен шығарындылар аймағы мына көшелердің шегінде орналасқан:

  • Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке;
  • Абай даңғылынан солтүстікке;
  • Желтоқсан көшесінен шығысқа;
  • Достық даңғылынан батысқа қарай.
Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 19:10