Неге 45 жастан асқан қазақстандықтардың жалақысы төмендейді
Қазақстанда ең жоғары сағаттық жалақы 35–44 жас аралығындағы азаматтарға төленеді. Ал 45 жастан бастап бұл көрсеткіш біртіндеп төмендейді. Экономист мұны адамның жасына ғана емес, еңбек жағдайының өзгеруіне, кәсіби дағдыларға және жұмыс саласына байланысты түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда қай жастағылар көп жалақы алады?
Экономист Руслан Сұлтановтың мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде Қазақстандағы орташа сағаттық еңбекақы 2 508 теңге болған. Алайда жалақы көлемі жас ерекшелігіне қарай әртүрлі.
Мәселен, 35–44 жастағы азаматтардың бір сағаттық еңбекақысы 2 773 теңгеге жетіп, ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Ал 16–24 жастағы жастар орта есеппен сағатына 1 757 теңге алған. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 30%-ға төмен.
Жас топтары бойынша көрсеткіш мынадай:
- 16–24 жас – 1 757 теңге;
- 25–34 жас – 2 396 теңге;
- 35–44 жас – 2 773 теңге;
- 45–54 жас – 2 658 теңге;
- 55–64 жас – 2 275 теңге;
- 65 жастан жоғары – 1 947 теңге.
Осылайша, 35–44 жастағы мамандардың сағаттық еңбекақысы жастардың көрсеткішінен шамамен 58%-ға жоғары. Ал 55–64 жас тобында ол ең жоғары деңгеймен салыстырғанда 18%-ға төмен.

Неге 44 жастан кейін жалақы төмендейді?
Экономист Руслан Сұлтанов мұны бірнеше себеппен түсіндіреді.
- Тәжірибе мен мансаптық өсу. Жастар еңбек жолын бастағанда көбіне бастапқы лауазымдарда жұмыс істейді. Уақыт өте тәжірибе жинап, біліктілігін арттырады, басшылық қызметке ауысады. Соның нәтижесінде табысы да өседі. Сондықтан жалақының ең жоғары көрсеткіші 35–44 жас аралығына сәйкес келеді.
- Жұмыс жағдайының өзгеруі. Жасы ұлғайған сайын кейбір мамандар ауыр физикалық еңбектен, вахталық жұмыстан және түнгі ауысымдардан бас тартады. Мұндай жағдайда олар бұрын алып жүрген үстемеақыларынан айырылуы мүмкін.
- Кәсіби дағдылардың жаңаруы. Кейбір салаларда технологиялар жылдам дамиды. Егер маман жаңа құралдар мен жұмыс тәсілдерін меңгермесе, оның көп жылғы тәжірибесі еңбек нарығындағы сұранысқа сай келмеуі мүмкін.
- Жұмыспен қамтылу ерекшелігі. 60 жастан кейін азаматтардың бір бөлігі зейнетке шығады. Ал жұмысын жалғастырғандар басқа қызметке ауысуы немесе жұмыс уақытын қысқартуы мүмкін. Бұл да орташа жалақы көрсеткішіне әсер етеді.
44 жастан асқан адамдардың жалақысы міндетті түрде азая ма?
Экономист бұл статистиканы әр адамның жеке еңбек жолымен шатастырмау керегін ескертеді.
Мысалы, 35–44 жастағы мамандар мен 55–64 жастағы қызметкерлердің орташа жалақысын салыстыру арқылы бір адамның табысы 44 жастан кейін міндетті түрде төмендейді деген қорытынды жасауға болмайды. Себебі статистика бір адамның мансабын бақыламайды, әртүрлі жастағы адамдардың табысын салыстырады.
Маманның айтуынша, жалақыға адамның жасы ғана емес, мамандығы, жұмыс істейтін саласы, біліктілігі және жаңа дағдыларды меңгеру мүмкіндігі де әсер етеді.
Сондықтан еңбек нарығында табысты сақтау үшін кәсіби білімді үнемі жаңартып, мансаптық мүмкіндіктерді қарастыру маңызды.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап жұмыссыз қалған қазақстандықтарға берілетін әлеуметтік төлем тәртібі де өзгереді. Ең жоғары төлем мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін өседі. Алайда оны алу мерзімі бұрынғы алты айдан үш айға дейін қысқарады.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды