Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде бухгалтерлер 82 млн теңгеден астам қаражат жымқырды деген айыппен сотталды

Бухгалтер
Фото: Pexels

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында 3 азамат қызметкерлерге жалақы төлеу сылтауымен 82 миллион теңгеден астам қаражат жымқырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ведомствоның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, аудан прокуратурасы бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына жүргізген талдау барысында заңбұзушылықты анықтаған.

“Анықталғандай, "№5 мектеп-лицейі" КММ-нің бас бухгалтері басқа бухгалтерлермен бірге 2021–2024 жылдары директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра есептеп аударуды ұйымдастырған. Қызметкерлер артық алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген”, – деп жазды Ақтөбе облысының прокуратурасы.

Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша қылмыстық іс тіркеген.

Шалқар аудандық сотының үкімімен үш адам кінәлі деп танылды. Бас бухгалтер 8 жылға, қалған екі бухгалтер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олардың барлығына 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда сот сотталғандардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдырған.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, Астанада Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті "Ғылым қорынан" берілген 297 миллион теңгені жымқыру дерегін анықтады. Қаражат агроөнеркәсіп кешеніндегі инновациялық жобаны жүзеге асыруға бөлінген. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы "Ғылым қоры" елордадағы кәсіпкерге ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін грант берген. Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 350 миллион теңге болған.

 

Ислам Әден
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 12:09