Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“ҚазМұнайГаз” 34 көлікті бес жылға жалдауға 4,2 миллиард теңге жұмсамақ

ҚазМұнайГаз
Фото: Stan.kz / ЖИ

“ҚазМұнайГазға” қарасты Oil Services Company 34 көлікті жүргізушілерімен бірге бес жылға жалға алу үшін 4,2 миллиард теңгеден астам қаржы жоспарлаған. Stan.kz бұл шығынның себебін анықтау үшін серіктестікке сауал жолдады. Компания жалға алудың тиімді екенін түсіндіргенімен, тендердің құнына қатысты бірқатар сұрақ жауапсыз қалды.

 

Тендер туралы не белгілі?

Госзакупок
Фото: goszakup.gov.kz

Тендер картасында тапсырыс беруші ретінде “Oil Services Company” ЖШС көрсетілген, ал бөліктер кестесінде тапсырыс беруші - “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ. Сатып алу тәсілі - ашық тендер. Порталда ол “Жүргізушісі бар жеңіл автокөлік жалдау қызметі” деген атпен жарияланған. Алайда техникалық ерекшелік бойынша бұл жай жеңіл көлік емес, толық жетекті пикаптар. Жоспарлы сома - 4 192 930 967,95 теңге (ҚҚС-сыз). Шарт 2027 жылғы қаңтардан 2031 жылғы желтоқсанға дейін, яғни бес жылға жасалады. Өтінім қабылдау 2026 жылғы 9 қарашада басталып, 16 қарашада аяқталды.

Тендер үш бөлікке бөлінген, ал техникалық ерекшелік бойынша көліктің жалпы саны — 34:

 

госзакупки
Фото: goszakup.gov.kz
  • Жетібай кен орны: 8 көлік, жоспарлы сомасы — шамамен 1,55 млрд теңге;
  • Қаламқас кен орны: 14 көлік, жоспарлы сомасы — шамамен 1,95 млрд теңге;
  • OSC-тің өзге нысандары (Маңғыстау облысы): 12 көлік, жоспарлы сомасы — 693,1 млн теңге.

Көлікке қойылатын талаптар: қызмет көрсету жылынан бастап бес жылдан ескі болмауы, қозғалтқыш көлемі кемінде 2 600 текше сантиметр, қуаты кемінде 160 ат күші болуы, толық жетекті (4×4) болуы, Қазақстанда тіркелген және маусымдық шинамен жабдықталған болуы керек. Ерекшелікте 12 көлікке қатысты түс тапсырыс берушімен келісіледі (көбіне ақ, сұр не қара), ал бір көлік - белгілі бір инженерге арналған - міндетті түрде сары болуы тиіс.

госзакупок
Фото: goszakup.gov.kz

Жалпы соманы шартты түрде 34 көлікке және 5 жылға бөлсек, бір көлікке орта есеппен жылына шамамен 24,7 млн теңге, ал айына шамамен 2,06 млн теңге келеді. Бірақ бұл тек көлік жалдау ақысы емес: сомаға жүргізушінің еңбекақысы мен басқа да міндеттемелер кіреді.

Тендердің қаржылық және өндірістік негіздемесін анықтау үшін Stan.kz “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ баспасөз қызметіне және “Oil Services Company” ЖШС-ге ресми сауал жолдады. Біз 34 көліктің бөліктер мен кен орындары бойынша қалай бөлінгенін, техникалық талапта нақты марка мен модель неге көрсетілмегенін және көліктердің жұмыс сағатының есебін сұрадық. Сонымен қатар жүргізушілердің жалақысы, жанар-жағармай, жөндеу, сақтандыру және әкімшілік шығындар бойынша жеке есепті, бағаны белгілеу кезіндегі нарықты зерттеу нәтижелерін, сондай-ақ бес жыл бойы бағаны жыл сайын қайта қарау көзделген-көзделмегенін нақтылауды өтіндік.

Серіктестік миллиардтаған шығынды қалай түсіндірді?

OSC ресми жауабында шешімді экономикалық есеппен және кен орындарындағы өндірістік жағдаймен түсіндірді. Серіктестіктің айтуынша, олардың негізгі қызметі мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсету жұмыстарына бағытталған. Яғни ұңғыма салу, ұңғыманы күрделі және ағымдағы жөндеу, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Сондықтан өз көліктерін ұстау "Компанияның жарғылық қызметінің бағытына жатпайды", делінген жауапта.

Өкілдер кен орындарындағы қатал табиғи жағдай көліктің тез тозуына әкелетінін алға тартты. Олардың айтуынша, ол жақта ауа райы ыстық, құм дауылы жиі соғады, жол желісі жеткілікті дамымаған, ал тұзды топырақ көліктің бөлшектерін тез тоттандырады.

“Осындай факторлар техниканың тозуын күшейтіп, оның қызмет ету мерзімін қысқартады”, - деп түсіндірді серіктестік.

OSC есебінше, мұндай жағдайда жұмыс істеген көлік бес жылдан кейін нарықтағы бағасын түгелдей дерлік жоғалтады.

“Бес жылдық мерзім аяқталғаннан кейін олардың нарықтағы қалдық құны ең төмен деңгейде немесе экономикалық тұрғыдан елеусіз болады”, - делінген хабарламада.

Егер көліктерді өз меншігіне сатып алса, серіктестік бағаның түсуімен, есептен шығарумен, сатумен немесе кәдеге жаратумен, жаңа көлік сатып алумен және көліктерді үнемі жаңартумен байланысты қосымша шығын көтеруге мәжбүр болар еді.

Серіктестік “кілт тапсыру” үлгісіндегі кешенді қызметті таңдау арқылы қосымша штат пен жабдық ұстау шығынынан құтылатынын атап өтті. Сатып алу бес жылға арналған кешенді көлік қызметін қамтиды: көлік пен жүргізуші беру, техникалық қызмет көрсету, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, жөндеу, жарамсыз көлікті ауыстыру, салықтар мен өзге міндетті төлемдерді төлеу, қызметкерлерді және көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру, сондай-ақ шарт пен заңда көзделген басқа міндеттемелерді орындау. OSC-тің айтуынша, өз көліктерін ұстау үшін негізгі қызметке жатпайтын арнайы жүйе құрып, оны үнемі күтіп ұстау керек. Ол үшін жүргізушілердің, көлік жөндеушілердің, қозғалысты үйлестіруші мамандардың тұрақты штатын жасақтау, жөндеу орнын ұйымдастыру, қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарына арналған қойма ұстау, сондай-ақ жанар-жағармай мен өндірістік қалдықты жинап, өңдеп, кәдеге жарату жүйесін қамтамасыз ету қажет.

Тендер құжаттары нені көрсетеді?

Құжаттамаға сәйкес көліктер аптасына 7 күн, тәулігіне 11 сағат немесе аптасына 5 күн, тәулігіне 8 сағат жұмыс істейді. Қызмет қала мен кен орындары арасында қызметкерлерді тасуды, кеніш ішіндегі қатынасты және қажет болса қалааралық, қалаішілік жолды қамтиды. Көліктердің жұмыс сағатының көлемі де үлкен: Қаламқаста — 281 050 сағат, үшінші бөлікте — 240 900 сағат, ал Жетібайда 11 сағаттық кестедегі үш көлікке — 60 225 сағат, 8 сағаттық кестедегі бес көлікке 49 400 сағат жоспарланған. Бұл біржолғы сапарлар емес, өндірістік жұмысты тоқтаусыз көлікпен қамтамасыз ету екенін аңғартады.

Жоба құжаттарындағы бақылау мен есеп талаптарының ішінде мыналар назар аудартады:

GPS арқылы бақылау: әр көлікке GPS орнатылып, деректер тапсырыс берушінің бақылау орталығына онлайн жіберілуі, ай сайын жол парақтары мен көліктің жұмыс сағатының есебі тапсырылуы тиіс;

Қауіпсіздік: жүргізушілер қауіпсіз жүргізу курсынан өтуі, әр жолаушы орнында “Қорғау” QR-коды болуы керек;

Төлем және жалақыны бақылау: төлемнің 80%-ы төлем шоты қойылғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде, қалған 20%-ы еңбекақы мен әлеуметтік төлемдер туралы есеп тапсырылған соң (30 жұмыс күнінен кешіктірмей) төленеді. Мердігер жалақыға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалғанын құжатпен дәлелдей алмаса, сол соманы қайтаруға міндетті.

Дегенмен құжаттарда көліктің нақты маркасы мен моделі көрсетілмеген, ал жалдау ақысы, жалақы, жанармай, жөндеу және сақтандыру бойынша бөлек шығын есебі жарияланбаған.

Бұл “ҚазМұнайГаз” құрылымындағы ірі көлік сатып алудың алғашқы жағдайы емес. Бір айдың ішінде “ҚазМұнайГаз” құрылымындағы екі серіктестік көлікке байланысты ірі тендер жариялады. Алдымен “Ойл Транспорт Корпорейшэн” Ақтаудағы өз нысанына 15 қала маңы автобусын шамамен 950,5 миллион теңгеге (ҚҚС-пен) сатып алуды көздеді. Енді OSC 34 көлікті жүргізушілерімен бірге бес жылға жалдауға 4,2 миллиард теңгеден астам қаржы жоспарлап отыр. Екі тендерде де талаптар егжей-тегжейлі жазылған, ал баға негіздемесі сұрақ күйінде қалып отыр.

Айта кетейік, “ҚазМұнайГаз” – Қазақстандағы нарықтық құны ең жоғары компания. 2026 жылғы қазандағы бағалау бойынша ұлттық компанияның құны 21,94 триллион теңгеге жеткен. 2025 жылдың қорытындысында компанияның түсімі 9,37 триллион теңгені, ал таза пайдасы 1,07 триллион теңгені құрады. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 20 Қараша, 2026 17:00