Алматылық әйел үшемді дүниеге келетінін туған анасынан да жасырған
Алматыда 30 жастағы Ләззат Жарас бірден үш қызды дүниеге әкелді. Бір қызығы, келіншек үшем күтіп жүргенін босанғанға дейін тіпті туған анасынан да жасырған. Енді оның отбасы алты баланы тәрбиелеп отыр. Хабарды қалалық №1 перинаталдық орталық мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үшем қыз бір минут аралықпен дүниеге келген
6 қарашада Алматы қаласындағы №1 қалалық перинаталдық орталықта Ләззат Жарас үш қызды дүниеге әкелді. Сәбилер жүктіліктің 34-аптасында мерзімінен бұрын туған. Көпұрықты жүктілік пен медициналық көрсеткіштерге байланысты дәрігерлер шұғыл түрде кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдаған. Ота сәтті өткен.
Үш қыз бір-бірінен бір минут айырмашылықпен дүниеге келген:
- 03:03-те салмағы 2073 грамм алғашқы қыз;
- 03:04-те салмағы 1723 грамм екінші сәби;
- 03:05-те салмағы 2431 грамм үшінші қыз туған.
Ата-анасы қыздарына Әлсия, Аюми және Айла деген есім берген. Бір қызығы, отбасындағы алты баланың есімі де "А" әрпінен басталады.
Сәбилер мерзімінен бұрын туғандықтан, неонатологтардың көмегіне мұқтаж болған. Алғашқы күндерін жаңа туған нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде өткізген. 12 қарашадан бастап дәрігерлердің бақылауымен жағдайы жақсарып, арнайы бөлімге ауыстырылған.
Үшем күтіп жүргенін туған анасынан да жасырған
Оқиғаның тағы бір қызық тұсы бар. Ләззат үшем күтіп жүргенін босанғанға дейін ешкімге айтпаған. Тіпті туған анасы да қызының бірден үш сәбиді дүниеге әкелетінінен бейхабар болған.
Үйде келіншекті тағы үш баласы, яғни бір ұлы мен екі қызы күтіп отыр. Үлкені небәрі жеті жаста. Үшем дүниеге келгенге дейін Ләззат балаларын өзі мектеп пен балабақшаға апарып, үй шаруасымен де айналысқан. Енді отбасының күнделікті тіршілігі түбегейлі өзгереді. Үш баланың орнына алты баланы тәрбиелеуге тура келеді.

Жас ана қыздарының дүниеге келгеніне шексіз қуанышты екенін айтады. Дегенмен алты кішкентай баланы күйеуі екеуі қалай бағып-қағатынына алаңдайды.
Ләззат бала күтімі мен тәрбиесіне қатысты қосымша көмекке, соның ішінде мемлекет тарапынан қолдауға үміттенеді. Өйткені бір мезетте үш нәресте мен үш үлкен баланы күту оңай емес. Әзірге ананың ең басты тілегі қыздарының тезірек ширап, үйлеріне шығуы.
Еске салайық, бұған дейін екі рет егіз босанған шымкенттік ана үшем дүниеге әкеліп, он баланың анасы атанған еді. Үшемнің дүниеге келуімен олардың анасы Ажар Ташқараеваның отбасындағы бала саны онға жетті. Үшем Шымкенттегі перинаталдық орталықта дүниеге келген. Әлсия, Сафия және Аймұхаммед 17 қыркүйекте жүктілік мерзімінен ерте туған. Сол кезде олардың салмағы 1 740, 1 482 және 1 730 грамм болғандықтан, дәрігерлер балаларды бірден нәрестелер реанимациясына жатқызған.
“ҚазМұнайГаз” 34 көлікті бес жылға жалдауға 4,2 миллиард теңге жұмсамақ
