Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел төртем дүниеге әкеліп, 7 баланың анасы атанды

Төртем әйел жүктілік
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жетісу облысында төрт ұл баланы дүниеге әкелген әйел сән-салтанатпен перзентханадан шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында қуанышты әрі сирек кездесетін оқиға болды. Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны төрт ұл баланы дүниеге әкелді. Осылайша ерлі-зайыпты жеті баланың ата-анасы атанды. 

Дәрігерлер әйелді 24 қыркүйек күні жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде кесарь тілігі арқылы босандырды. Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген есімдер берілді.

"Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім. Маған және сәбилеріме қамқорлық көрсетіп, қолдау білдірген АГПҒО дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғыс айтамын", – дейді төртемнің анасы.

Төртемге жүкті болу – өте сирек кездесетін жағдай әрі дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі үдеріс. Болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болды.

Мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғары болуына байланысты дәрігерлер ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын дер кезінде жүргізіп, қажетті медициналық көмек көрсетті.

“Мұндай жүктілік кезінде акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтар әйелді қадағалап-қарады. Әрбір осындай қуанышты оқиғаның артында медицина мамандарының орасан зор еңбегі, кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі жатыр. Олар ең күрделі клиникалық жағдайларда жұмыс істеуге дайын. Ананы және үлкен отбасын төрт ұлдың дүниеге келуімен шын жүректен құттықтаймыз! Арлан, Арсылан, Әлихан мен Әмірханға зор денсаулық, күш-қуат және бақытты ғұмыр тілейміз! Ал ата-анасына отбасылық амандық, мол қуаныш пен береке тілейміз”, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомство мұндай қуанышты оқиғалар перинаталдық көмекті дамытудың және әрбір отбасы үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын тағы бір мәрте көрсететінін атап өтті.

Бұған дейін екі рет егіз босанған шымкенттік ана үшем дүниеге әкеліп, он баланың анасы атанған еді.  Үшемнің дүниеге келуімен олардың анасы Ажар Ташқараеваның отбасындағы бала саны онға жетті. Үшем Шымкенттегі перинаталдық орталықта дүниеге келген. Әлсия, Сафия және Аймұхаммед 17 қыркүйекте жүктілік мерзімінен ерте туған. Сол кезде олардың салмағы 1 740, 1 482 және 1 730 грамм болғандықтан, дәрігерлер балаларды бірден нәрестелер реанимациясына жатқызған.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 16:25