Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі рет егіз босанған шымкенттік ана үшем дүниеге әкеліп он баланың анасы атанды

 
үшем босанған әйел он баланың анасы
Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкентте мерзімінен бұрын туған үшем бір айға жуық уақыт дәрігерлердің бақылауында болып, үйіне шығарылды. Үшемнің дүниеге келуімен олардың анасы Ажар Ташқараеваның отбасындағы бала саны онға жетті. Бір қызығы, әйел бұған дейін де екі рет егіз босанған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үшем Шымкенттегі перинаталдық орталықта дүниеге келген. Әлсия, Сафия және Аймұхаммед 17 қыркүйекте жүктілік мерзімінен ерте туған. Сол кезде олардың салмағы 1 740, 1 482 және 1 730 грамм болғандықтан, дәрігерлер балаларды бірден нәрестелер реанимациясына жатқызған.

Үшемді босандыруға акушер-гинекологтар, неонатологтар, анестезиологтар мен басқа да медицина қызметкерлері қатысқан. Дәрігер Дәулет Сатов мұндай күрделі жағдайда әр маманның үйлесімді әрекеті маңызды екенін атап өтті.

"Кесар тілігі операциясына акушер-гинекологтар, неонатологтар және басқа да мамандар қатысты. Нәрестелер анестезиологиясы мен реанимациясы бөлімінің медбикелері де үлкен үлес қосты. Мұндай жағдайда әр маманның еңбегі маңызды", – деді дәрігер.

Алғашқы апталарын дәрігерлердің бақылауымен өткізген үшемге бір айға жуық уақыт бойы ерекше күтім көрсетілді. Медицина қызметкерлері балалардың тыныс алуын, дене қызуын, тамақтануын жіті қадағалап, салмағының артуын бақылаған. Күтім мен емнің нәтижесінде үш сәбидің де салмағы екі келіден жоғарылады. Қазір дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Ажар Ташқараеваның денсаулығы да жақсы.

Ал үш баланы бірден дүниеге әкелген Ажар үшін бұл жаңалық күтпеген жағдай болған. Бұған дейін Ажар екі рет егіз босанған. Әлсия, Сафия және Аймұхаммед дүниеге келгенге дейін отбасында жеті бала тәрбиеленіп жатқан. Енді отбасындағы бала саны онға жетті.

"Мен өте бақыттымын. Үшем күтіп жүргенімді алғаш естігенде қатты қуанып, тіпті көзіме жас алдым. Балаларды бір-бірінен ажырату қиын емес, әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар", – деді көпбалалы ана.

Қажетті ем мен бақылау аяқталған соң, анасы үш баласымен бірге үйіне шығарылды. Перинаталдық орталықтың алдында отбасын туыстары күтіп алды.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда әйел үшем дүниеге әкеліп, жеті баланың анасы атанған еді. Оларға Елнара, Елнияр және Елдияр деген есімдер берілді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 15:39