Қазақстанда несиесін қайта қаржыландырғысы келетіндерге қойылатын талап өзгеруі мүмкін
Қазақстанда несиесін уақытында төлеп жүргенімен, қарыз жүктемесі жоғары болғандықтан оны қайта қаржыландыра алмай жүрген азаматтарға жеңілдік жасалуы мүмкін. Ұлттық банк банктерге мұндай клиенттердің несиесін қайта рәсімдеуге мүмкіндік беретін өзгеріс ұсынды. Алайда бұл барлық қарыз алушының несиесі мақұлданады немесе ай сайынғы төлемі автоматты түрде азаяды дегенді білдірмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық банк қарыз алушылардың борыштық жүктеме коэффициентін есептеу тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Жаңа бастама ең алдымен бұрын несие алған банктің өзінде қарызын қайта қаржыландырғысы келетін азаматтарға қатысты.
Қазір банктер жаңа несие беру кезінде клиенттің табысы мен ай сайынғы қарыз төлемдерінің арақатынасын есептейді. Бұл көрсеткіш борыштық жүктеме коэффициенті деп аталады. Жалпы тәртіп бойынша адамның барлық несие бойынша ай сайынғы төлемі табысының 50%-ынан аспауы керек.
Мысалы, азаматтың айлық жалақысы 300 мың теңге болса, оның барлық несие бойынша ай сайынғы төлемі 150 мың теңгеден жоғары болмауы тиіс. Егер ол ай сайын 180 мың теңге несие төлемін жасаса, борыштық жүктемесі 60%-ға жетеді. Мұндай жағдайда банк оған жаңа несие беруден бас тартуы мүмкін.

Бірақ кейде азамат жаңа қарыз алуды емес, керісінше, қолданыстағы несиесінің шарттарын өзгертуді қалайды. Мәселен, ай сайынғы төлемді азайтып, қарызды өтеу мерзімін ұзартқысы келеді. Қазіргі талаптар мұндай жағдайда да кедергі болуы мүмкін.
Қайта қаржыландыруға кімдер үміткер бола алады?
Ұлттық банк ішкі қайта қаржыландыру кезінде борыштық жүктеменің шекті деңгейін сақтау талабынан босатуды ұсынып отыр. Бірақ оның бір маңызды шарты бар: несиені қайта рәсімдегеннен кейін қарыз алушының мерзімді төлем мөлшері бұрынғыдан көбеймеуі керек.
Мысалы, азамат ай сайын банкіне 120 мың теңге төлейді делік. Оның табысына шаққандағы борыштық жүктемесі 50%-дан асып кеткендіктен, қолданыстағы талап бойынша несиені қайта рәсімдеу қиын болуы мүмкін.
Жаңа ұсыныс қабылданса, банк осы азаматтың несиесін қайта қаржыландыру кезінде борыштық жүктеменің шекті көрсеткішін міндетті түрде сақтауды талап етпейді. Егер жаңа шарт бойынша ай сайынғы төлем 120 мың теңгеден аспаса, қайта рәсімдеуге мүмкіндік берілуі мүмкін.
Бұл өзгеріс әсіресе табысының көп бөлігін несие төлеуге жұмсайтын, бірақ қолданыстағы қарызының шарттарын жеңілдеткісі келетін адамдарға қатысты.
Ипотека бойынша да өзгерістер ұсынылды
Ұлттық банк ипотекалық несие алушыларға қатысты тағы екі түзету енгізуді көздеп отыр.
- Біріншісі – ипотеканы бірнеше адам бірге рәсімдеген жағдайда олардың табысы мен қарыз міндеттемелерін бірге есептеу. Яғни банк борыштық жүктемені бағалаған кезде негізгі қарыз алушымен қатар қосалқы қарыз алушылардың да қаржылық жағдайын ескереді. Мысалы, ерлі-зайыпты ипотеканы бірге рәсімдесе, банктің есебінде екеуінің де табысы мен қолданыстағы несиелері ескерілуі мүмкін. Бұл банкке отбасының жалпы төлем қабілетін дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.
- Екіншісі – ипотеканы тұрғын үй төлемдері есебінен өтейтін азаматтардың осы кірісін де төлем қабілетін есептеу кезінде ескеру. Бұл ретте аталған қаражаттың шынымен ипотеканы өтеуге жұмсалуы маңызды.
Ипотека мен автонесиеге қатысты жеңілдіктер ұзартылмақ
Ұлттық банк кейбір ипотекалық және автокредит түрлері бойынша борыштық жүктемеге қойылатын талаптардан босатуды да ұзартуды ұсынды.
Атап айтқанда:
-
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін несиелер бойынша жеңілдік 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
-
Белгілі бір санаттағы автокредиттер бойынша жеңілдік 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылмақ.
Автокредитке қатысты жеңілдік барлық көлікке берілмейді. Ол Қазақстанда алғаш тіркелетін жаңа автомобильдерге, сондай-ақ белгілі бір бастапқы жарна талаптары орындалған қолданыста болған көліктерге қатысты.
Мысалы, пайдаланылған көлікке берілетін несие бойынша бастапқы жарна оның құнының кемінде 50%-ын құрауы керек. Ал үш жылдан аспайтын көліктер үшін бұл көрсеткіш кемінде 30% болуы тиіс.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
Әзірге бұл өзгерістер күшіне енген жоқ. Ұлттық банк тиісті қаулы жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарған. Талқылау 2026 жылғы 4 желтоқсанға дейін жалғасады. Демек, ұсыныстар әлі қаралу үстінде.
Ұлттық банк 2027 жылы несие нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді. Егер жекелеген несие сегменттерінде жүйелі тәуекелдер көбейсе, реттеуші қосымша шаралар қабылдай алады.
"Балалардың қызуы 40°C-қа көтеріліп, жаппай ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды