Қазақстанның eGov жүйесі БҰҰ рейтингінде әлемдік үздік 20 елдің қатарына енді
Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту рейтингінде алғаш рет үздік 20 елдің қатарына енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 16-орынға көтеріліп, алғаш рет әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына енді. Сонымен қатар ел рейтингтің ең жоғары санатына қол жеткізді. Бұл туралы БҰҰ-ның есебінде айтылған. БҰҰ мәліметінше, Қазақстан екі жыл ішінде рейтингте сегіз сатыға жоғарылаған. Бұл көрсеткіш көшбасшы елдер арасындағы ең елеулі өсімдердің бірі ретінде бағаланған.
Қазақстан Орталық Азияда мұндай деңгейге жеткен алғашқы мемлекет атанды. Енді ел Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ сияқты мемлекеттермен бір рейтингтік топта тұр. БҰҰ есебінде Қазақстанның барлық негізгі бағыт бойынша көрсеткіштері жақсарғаны атап өтілген. Атап айтқанда, мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша ел 41-орыннан 13-орынға көтерілген. Ал телекоммуникациялық инфрақұрылым деңгейі жағынан Эстониямен теңескен.
Цифрлық сауаттылық көрсеткіші шамамен 1,5 есе өскен. Білім беру мен дағдылар деңгейі бойынша Қазақстан 42-орыннан 28-орынға көтерілді. Сондай-ақ цифрлық үкіметтің құқықтық базасы ең жоғары бағаға ие болған.
"Қазақстан жоғары деңгейге сүйене отырып, өз позициясын нығайтып келеді. Мұнда жекелеген сайттар емес, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл платформалары, цифрлық сәйкестендіру, мобильді сервистер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары біріктірілген тұтас жүйе маңызды рөл атқарады", – делінген БҰҰ сарапшыларының бағалауында.
Баяндамада Орталық Азия 2026 жылдың басты жетістіктерінің бірі ретінде көрсетілген. eGov.kz және eGov Mobile экожүйесі интеграцияланған цифрлық мемлекеттің үлгісі ретінде аталып, alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы білім, зерттеу, стартаптар мен қолданбалы жасанды интеллектті дамыту алаңы ретінде бағаланған.
2026 жылы рейтингтің ең жоғары санатына алғаш рет Қазақстан, Ирландия және Польша кірді.
Соңғы екі жылда Қазақстан Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып, рейтингтегі орнын жақсартқан.
ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан көш бастап тұр. Өзбекстан – 32-орында, Әзірбайжан – 38-орында, ал Ресей 50-орынға жайғасқан.
Қазақстанның көрсеткіші қалай өсті?
Еске салайық, Мемлекет басшысы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойған болатын. Осыған байланысты 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 51 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның үштен екісіне жуығы смартфон арқылы алынған.

Сонымен қатар мемлекет цифрлық дағдыларды дамытуға, өңірлердегі интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігін арттыруға басымдық берген. БҰҰ есебінде де дәл осы бағыттар бойынша айтарлықтай өсім тіркелген.
Цифрлық экономиканың құқықтық негізі де қалыптастырылған. Цифрлық құқықтарды бекітетін Цифрлық кодекс қабылданып, "Жасанды интеллект туралы" заң күшіне енді. Бұдан бөлек, alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылып, Қазақстанның суперкомпьютері TOP500 рейтингі бойынша әлемдегі үздік 100 жүйенің қатарына кірді.
"Рейтинг біз үшін ешқашан түпкі мақсат болған емес. Ол жүйелі жұмыстың нәтижесі. Мемлекет басшысы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналу жөнінде нақты бағдар белгіледі. Нәтижеге жекелеген жобалар емес, жүйелі жұмыс арқылы қол жеткізілді. БҰҰ сайттарды емес, мемлекеттің тұтас қалай жұмыс істейтінін бағалайды. Жасанды интеллектке басымдық беру дұрыс шешім болды. Ол бюрократиялық жұмыстарды өз мойнына алып, адамдарға стратегиялық және шығармашылық міндеттерге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. БҰҰ баяндамасында Қазақстанның арқасында Орталық Азия алғаш рет көшбасшылар тобына енгені атап өтілді. Ендігі міндетіміз – азамат өзі сұрамай тұрып, қажетті қызметті ұсынатын мемлекет қалыптастыру", – деді жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Бұл қандай рейтинг?
UN E-Government Survey – БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті екі жылда бір рет жариялайтын зерттеу. Онда БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің электронды үкіметті дамыту деңгейі бағаланады.
Рейтинг онлайн мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды қамтиды. Елдер төрт топқа және 16 рейтингтік санатқа бөлінеді. Ең жоғары VH санатына электронды үкіметі барынша дамыған мемлекеттер кіреді.
Айта кетейік, 2026 жылдың тамызында Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде 29-орыннан 24-орынға көтеріліп, әлемнің үздік 25 елінің қатарына енгені хабарланған болатын. Қазір ел дәстүрлі цифрлық мемлекеттік қызметтерден жасанды интеллект пен проактивті сервистерді пайдалануға көшіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Халыққа қызмет көрсету орталығы тағы бір қызмет бойынша өтінішті онлайн қабылдайтыны хабарланған еді. Енді жер учаскесіне мемлекеттік акт алу үшін өтінішті тек eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес күшіне енді. Өтініш қаралғаннан кейін оның нәтижесін пайдаланушының Жеке кабинетінен көруге болады. Мемлекеттік қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат eGov.kz порталындағы қызмет паспортында жарияланған.
Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты