Оманда төрт қазақстандық жол апатына ұшырады
Оманда төрт қазақстандық жол апатына ұшырады. Сыртқы істер министрлігі жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туристердің Салала қаласында жол апатынан ауыр жарақат алып, ауруханаға түскендігі туралы әлеуметтік желіде туристік компания өкілі жариялаған болатын.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасы 15 қарашада Салала қаласында болған. Апатқа бір отбасы мүшелері – әжесі, атасы, анасы және оның кәмелетке толмаған қызы түскен. Төртеуі де түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің барлығына ота жасау қажет болған.

Қазір отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайын ескере отырып, оларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі туындап отыр. Осыған байланысты туркомпания өкілі Air Astana әуе компаниясы мен Kazunion Tour Operator компаниясына көмек сұрап жүгінген. Ол рейсті айыппұл санкцияларынсыз ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ медициналық көрсетілімдерге сәйкес зардап шеккендерге ұшақта жатып тасымалданатын орындар қарастырып, қажетті арнайы жағдай жасауды сұраған.
“Алғашқы постымды зардап шеккендердің отбасының өтінішімен өшіруге тура келді. Туроператор мен әуе компаниясының қолдауымен туристерді елге қайтара аламыз деген үміттемін. Алдағы уақытта толық ақпарат бөлісетін боламын”, – деп мәлімдеген туристік компания өкілі.
Сыртқы істер министірлігі отандастарымызға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
“Бұл оқиға сыртқы істер министрлігінің жіті бақылауында және қазақстандық дипломаттар оларға қажетті консулдық көмек көрсетіп, емдеуші дәрігерлермен тұрақты байланыста. Туристерді елге қауіпсіз қайтару мәселесі жан-жақты пысықталып жат”, – деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Еске салсақ, Түркияның Анталия қаласында жұмыс істеп жүрген 18 жастағы қазақстандық қыз жол апатынан қаза тапқанын жазғанбыз. Ақпаратты марқұмның туыстары мәлімдеген. Қыздың өліміне 15 маусымда жол-көлік оқиғасы себеп болған.
Жамбыл облысында оқушының жүрегі тоқтап, жансақтау бөліміне түсті: Туыстары оның әлімжеттік құрбаны болғанын айтты