Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда қыз бен жігіттің төбелесі видеоға түсіп қалды: Полиция екеуінің де әрекетін тексеріп жатыр

Төбелес
Фото: Видеодан скрин

Алматыда құрылыс дүкендерінің бірінде жігіт пен қыз арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Оқиғадан кейін денсаулығына зиян келгенін айтқан қыз полицияны әрекетсіздік танытты деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленуші қыздың айтуынша, оған әріптесі шабуыл жасаған. Әлеуметтік желіде тараған видеода қыздың көзінің айналасы көгергені көрінеді. Сондай-ақ ол ауруханада миы шайқалғаны анықталғанын, көру қабілеті нашарлап, өзін жайсыз сезініп жүргенін жеткізген. Қыз жігіттің спорт шебері екенін де атап өткен.

Қыздың сөзінше, бастапқыда полиция оның арызын қабылдағысы келмеген. Кейін eOtinish арқылы өтініш жолдағанымен, одан соң да ешкім хабарласпаған. Ол күдіктінің таныстары мен байланыстары бар екенін айтып мақтанғанын алға тартып, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін жеткізген.

Алматы қалалық полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Полиция мәліметінше, оқиға қаладағы құрылыс дүкендерінің бірінде болған. Әріптестер арасындағы жанжал кезінде ер адам әйелге күш қолданған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, 19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеу барысында бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерттелген. Оның нәтижесінде оқиғаның қосымша мән-жайлары анықталған. Атап айтқанда, видеоларда әйелдің де әріптесіне соққы жасағаны тіркелген. Полиция оның әрекеттеріне де заң аясында баға берілетінін хабарлады.

Сонымен қатар департамент қылмыстық істің тіркелмегені және сот-медициналық сараптама тағайындалмағаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

"Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы объективті әрі жан-жақты анықталады. Заң алдында бәрі тең", – делінген Алматы полициясы.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада жалға алушы пәтерді босатуды сұраған үй иесін соққыға жыққаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 19:05