Ақтөбеде өлтірілген кәсіпкер Helios компаниясының филиал директоры болып шықты
Helios компаниясы Ақтөбе филиалының директоры Айболат Жисовтің қайтыс болғанын мәлімдеді. БАҚ мәліметінше, ол 16 қарашада өз үйінде қарулы шабуылдан қаза тапқан. Күдікті ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін қаза тапқан кәсіпкердің есімі мен өзі басқарған компанияның атауы БАҚ-та жарияланбаған еді.

19 қараша күні Helios компаниясының ұжымы Айболат Жисовтің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
“Айболат Тубасұлы білікті әрі талантты басшы, өз ісінің нағыз маманы, ақкөңіл, жанашыр және жігерлі адам еді. Жұмысына деген адалдығы, өмірге құштарлығы мен адамдарға шынайы ықыласы әріптестерінің зор құрметіне бөледі”, – делінген компания хабарламасында.
Helios ұжымы басшысының қазасы компания үшін орны толмас қайғы екенін жеткізді.
Кәсіпкердің өліміне қатысты не белгілі?
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жанармай бекеттерінің басшысын үйінде атып өлтіріп, көлігі мен құнды заттарын ұрлап кеткені туралы жазған едік.
Қанды оқиға 16 қараша күні таңертең қаланың элиталық шағын аудандарының бірінде болған. Марқұмның үйі биік қоршаумен қоршалып, аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен қылмыскердің үйге қалай кіргені және оқиғаның қалай өрбігені әзірге белгісіз.
Көршілері таңертең атыс даусын естігенін айтқан. Ал әлеуметтік желіде күдіктінің қылмыстан кейін кәсіпкердің көлігіне мініп, ізін суытқаны туралы ақпарат тарады. Кейін автокөлік Ресейге қарай бағытталған Богослов тасжолынан табылған деген болжам бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
18 қарашада күдіктінің ұсталғаны белгілі болды. Басылым мәліметінше, ол марқұмның көршісі болып шыққан.
Қылмыстың себебі мен өзге де мән-жайы әзірге анықталып жатыр.
Айболат Жисов 49 жаста болған. Күдікті кісі өлтіру оқиғасынан екі күн өткен соң ұсталған. Ол марқұмның үйінен бірнеше метр жерде тұрған және өз үйінен ұсталған.
Қылмысты тергеуге Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан жедел қызметкерлер де тартылған. Полиция күдіктінің Ақтөбе қаласының тұрғыны екенін ресми түрде растады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Наурыздағы кездейсоқ кадр: Қазақстандық апа итальялық Vogue журналына қалай шықты