Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда UFC турнирі өтуі мүмкін: Министр келіссөздердің нәтижесі қашан белгілі болатынын айтты

ЮФС
Фото: mma.express

Бүгін брифингте Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов UFC турнирін Қазақстанда өткізу жоспары бар екенін айтты. Министрдің сөзінше, бұл мәселе бойынша келіссөздер жыл басынан бері жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жыл басынан бері UFC турнирін өткізуге байланысты бірнеше рет келіссөз жүргізіп, кездесулер өткіздік. Қазір де келіссөздер жүріп жатыр. Қазақстанда 2027–2028 жылдары UFC турнирін өткізуге қатысты қандай шешімге келгенімізді осы айдың соңында нақты айтамыз. Қажетті жұмыстардың бәрі атқарылды, ай соңында қорытындысын жариялаймыз", – деді Ербол Мырзабосынов.

Қазір UFC-де Қазақстанның бес спортшысы өнер көрсетеді. Олардың қатарында аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингте жетінші орында тұрған Асу Алмабаев, Шавкат Рахмонов, Дияр Нұрғожай, Әліби Ыдырыс және Николай Веретенников бар.

Еске салсақ, бұған дейін UFC басшысы Дана Уайт Қазақстанда турнир өткізу жоспары әлі де күшінде екенін айтқан еді. Ол UFC 333 турнирінен кейінгі баспасөз мәслихатында жарыстың Қазақстанда жақын арада өтуі мүмкін екенін жеткізген. Бұған дейін 2020 жылы Астанада UFC турнирін ұйымдастыру жоспарланғанымен, пандемия салдарынан жүзеге аспаған еді.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 14:45