Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай, АҚШ және Ресей басшылары алғаш рет үшжақты кездесу өткізді: Не талқыланды?

Ресей Қытай АҚШ
Фото: Win McNamee / Pool / Reuters

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Қытай төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Ресей президенті Владимир Путин алғаш рет үшжақты кездесу өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында өткен келіссөз шамамен бір жарым сағатқа созылды. 

Журналистердің мәліметінше, кездесу белгіленген уақыттан кеш басталған. Келіссөз басталуы тиіс уақытта Си Цзиньпин Дональд Трамппен бірге түскі ас ішіп отырған. Ал Владимир Путин мен Ресей делегациясы сол уақытта демалу үшін қонақүйге қайтып бара жатқан. Бұл туралы Кремль өкілі Дмитрий Песков мәлімдеді.

Бұған дейін, таңертең Владимир Путин мен Дональд Трамп 2025 жылдың тамызынан бері алғаш рет жүзбе-жүз кездескен. Екі президенттің әңгімесі шамамен 40 минутқа созылған. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков келіссөздің "жақсы" өткенін айтқан.

Үшжақты кездесуді ашқан Си Цзиньпин Қытай, АҚШ және Ресейді жаһандық мәселелерді шешу мен бейбітшілікті сақтауда өзге мемлекеттерге үлгі болуға шақырды.

Қытай басшысының айтуынша, адамзат тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты "жаһандық ауылда" өмір сүріп жатыр. Сондықтан үш мемлекеттің мойнында ерекше жауапкершілік бар.

Ал Владимир Путин Ресей, АҚШ және Қытайды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ортақ жауапкершілік біріктіретінін айтты. Ол халықаралық құқық жүйесін сақтап, нығайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ әлемдік экономикалық байланыстар, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылауды ұсынды.

Ресей президенті Украинадағы соғыс мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл тақырыпты бір күн бұрын Си Цзиньпинмен, ал таңертең Дональд Трамппен өткен екіжақты кездесуде егжей-тегжейлі талқылаған.

Путиннің пікірінше, үш мемлекет өзара құрмет, теңдік және мүдделер тепе-теңдігін сақтау негізінде ынтымақтастық орнатса, әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға үлес қоса алады.

Дональд Трамп өз кезегінде АҚШ, Ресей және Қытайдың ядролық арсеналдары әлемдегі ядролық қару санын қысқарту мәселесін талқылауға ерекше мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, ядролық қарудың таралу қаупіне қарсы тұру үшін үш елдің ынтымақтастығы аса маңызды.

"Біз дәл қазір Иран мәселесінде осымен айналысып жатырмыз. АҚШ Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейді", – деді Трамп.

Украинадағы соғыс туралы айта келе, АҚШ президенті бұл мәселені Путинмен егжей-тегжейлі талқылағанын жеткізді. Трамптың пікірінше, Ресей президенті соғыстың аяқталғанын қалайды. Ол "екінші тараптың" да осындай ұстанымда болатынына үміт білдірді.

Еске салсақ, алда Трамп, Путин мен Си Цзиньпин алғаш рет ядролық қару тағдыры тақырыбында үшжақты келіссөз жүргізетінін хабарлаған едік. АҚШ, Қытай және Ресей басшылары ядролық қаруды қысқарту мәселесін алғаш рет үшжақты форматта талқыламақ. Кездесу Қытайда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылады. Онда ядролық қаруды таратпау мәселесі талқыланады. Трамп бұған дейін әлемдегі ядролық қаруы ең көп елдер арасында жаңа келісімге қол жеткізуге болатынын айтқан еді.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 16:30